ЖАҢА 5 БАҒЫТ БЕКІТІЛДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде, Үкімет Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ілгерілету мен насихаттаудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Бұл құжат Түркістанды әлемдік деңгейдегі рухани туризм орталығына айналдырудың нақты тетігі болмақ.
Үкімет бекіткен басымдықтар:
Бекітілген жоспар 5 негізгі бағыт пен 37 іс-шарадан тұрады:
Ғылыми негіз: Тұлғаның шығармалары мен архивтік деректерін халықаралық деңгейде зерттеп, жаңа каталогтар мен кітаптар басып шығару.
Ұрпақ тәрбиесі: «Ясауитану» клубын ашу және мектеп оқушылары арасындағы республикалық байқауларды тұрақты өткізу.
Туристік әлеует: Жаңа гайдбуктар, аудиогидтер әзірлеу және шетелдік туристерге арналған бірегей маршруттарды іске қосу.
Халықаралық деңгей: ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында «Ясауи жылын» немесе арнайы мәдени күндерді ұйымдастыру мәселесін пысықтау.
Облыс әкімдігінің жауапкершілігі мен уәдесі:
Мемлекет басшысының Түркістан қаласына «ерекше мәртебе» беру туралы шешіміне сәйкес, жергілікті атқарушы орган бұл жоспарды іске асырудың негізгі драйвері болып табылады.
Облыс әкімдігі Үкімет бекіткен әрбір іс-шараның сапалы орындалуына және Түркістан төрінде өтетін ауқымды жиындардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына кепілдік беріп отыр. Атап айтқанда:
Кесене маңындағы ғылыми-реставрациялау жұмыстарын бақылауда ұстау;
Инфрақұрылымды рухани туризм талаптарына сай бейімдеу;
Жастарды ұлттық құндылықтарға баулитын бастамаларға толық қолдау көрсету.
Нұралхан Көшеров:
- Бұл жоспар – ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Біз Президент тапсырмасы мен Үкімет қаулысының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етіп, Түркістанның тарихи рөлін асқақтатуға белсенді түрде атсалысуға дайынбыз, — деп мәлімдеді.
Бұл кешенді жұмыс Түркістанның тек Қазақстан үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды рухани, мәдени және туристік хаб ретіндегі мәртебесін бекіте түспек.
