КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттыру бағытында шағын өндірістік парктерді дамыту жұмыстары қарқын алуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдің барлық аудан, қалаларында жалпы аумағы 214 гектарды құрайтын 25 өндірістік алаң құрылып, оларды жаңа инвестициялық жобалармен толтыру қолға алынған.

Аталған бастамалардың жүзеге асырылу барысы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Басқосуда жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өндіріс орындарын тиімді орналастыру мәселелері қарастырылды. Аудан және қала әкімдіктері атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Жиын қорытындысында жауапты тұлғаларға бақылауды күшейтіп, барлық жобалардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Сонымен қатар, туындауы мүмкін түйткілдерді алдын ала анықтап, жедел шешу қажеттігі атап өтілді.

Қазіргі таңда 80-ге жуық өндірістік нысанның құрылысы толық аяқталып, жалпы құны 136,3 млрд теңгені құрайтын 32 жоба іске қосылған. Бұл кәсіпорындар құрылыс материалдары өндірісі, жиһаз жасау, жеңіл өнеркәсіп, химия саласы, сондай-ақ дрон, бейнебақылау жүйелері мен тұрмыстық техника шығару бағыттарын қамтиды.

Жалпы алғанда, аталған жобалардың инвестициялық көлемі 192 млрд теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Соның нәтижесінде 5 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын шамамен 96 млрд теңгенің импортты алмастыратын өнімі өндіріледі.

Шағын өндірістік парктерді дамыту – өңір экономикасының тұрақты өсуіне серпін беріп, кәсіпкерлікті қолдауға және халықты жұмыспен қамтуға тың мүмкіндік ашады.