МӘДЕНИ МӘСЕЛЕЛЕР ҰСЫНЫЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Қабылдауға салалық басқарма басшылары мен жауапты мекеме өкілдері қатысып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Қабылдау барысында тұрғындар мәдени-рухани бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру, тұрғын үймен қамту, «Қазыбек би оқулары» байқауын жоғары деңгейде өткізу, мәдени жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ ұлттық спорт түрі – көкпарға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорттық жарыстарды қолдау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы орталық ашу мәселелері де көтерілді.

Өңір тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жауапты тұлғаларға әрбір мәселені заң талаптарына сәйкес зерделеп, нақты шешу жолдарын ұсынуды және белгіленген мерзімде орындауды тапсырды.

Айта кету керек, облыс басшылығы тарапынан тұрғындарды жеке қабылдау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Көтерілген мәселелер бақылауға алынып, кезең-кезеңімен өз шешімін табуда.