«AMANAT» ЖАҢА БАҒЫТ БАСТАДЫ: КӘСІПКЕРЛЕР ҚАНАТЫ ҚҰРЫЛДЫ
Еліміздегі мыңдаған кәсіпорын мен миллиондаған азаматты біріктіретін ірі бизнес қауымдастықтарының өкілдерімен бірлесіп, «AMANAT» партиясының Кәсіпкерлер қанатын құру туралы маңызды шешім қабылданды. Бұл бастама партия мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеріп, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Аталған мәселе Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, өңірлердегі партия филиалдары бейнеконференция арқылы қосылды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар мен жаңа мемлекеттік модельді қалыптастыруға бағытталған өзгерістер кеңінен сөз болды. Бұл бастамалар экономиканы нығайтуға, әділдік қағидаттарын орнықтыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға негізделген. Референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция осы бағыттың саяси және құқықтық негізін айқындап берді.
Осы ретте «AMANAT» партиясы бизнес өкілдерімен күш біріктіріп, ел игілігі үшін ортақ мақсатта жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Партия бизнесті өз серіктесі ретінде қабылдап, кәсіпкерлердің дауысы естілетін, олардың мәселелері жүйелі түрде шешілетін тиімді алаң қалыптастыруды көздейді.
Айта кету керек, партияның кәсіпкерлік қауымдастықпен өзара ықпалдастығы бұрыннан жолға қойылған. Партия жанындағы Үйлестіру кеңесі осы бағыттағы негізгі диалог алаңына айналып, бүгінге дейін 30-дан астам отырыс өткізіп, 190-ға жуық өзекті мәселені қарастырған. Оның ішінде нарыққа қолжетімділік, қаржыландыру, салықтық және инфрақұрылымдық реттеу мәселелері қамтылған. Кеңес жұмысының нәтижелілігіне Серік Жұманғариннің тең төраға ретінде белсенді қатысуы оң әсер етуде.
Өңірлерде де осындай кеңестер тиімді жұмыс істеуде. Алдағы уақытта олар жергілікті кәсіпкерлердің проблемаларын жүйелеп, мемлекеттік органдармен бірлесе шешуге күш салады. Қажет болған жағдайда мәселелер республикалық деңгейде қаралатын болады. Сонымен қатар партия өңірлік кеңестерге белсенді кәсіпкерлерді тартып, оларды кадрлық резервке енгізуді жоспарлап отыр.
Партия бизнеске қолдау көрсетудің заманауи құралдарын да дамытуда. Соның бірі – «Ashyk Amanat» аналитикалық платформасы. Бұл цифрлық сервис кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін жинақтап, партия, Үкімет және бизнес арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін маңызды құралға айналмақ.
Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясы да кәсіпкерлікті қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Заң шығару деңгейінде әкімшілік кедергілерді азайту, ашықтықты қамтамасыз ету және бизнесті дамытуға жағдай жасау бойынша бірқатар бастамалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жаңа Салық және Құрылыс кодекстері, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде бизнес қауымдастықтармен тығыз ынтымақтастық орнатылған.
Алдағы уақытта Кәсіпкерлер қанаты аясында бұл жұмыстар одан әрі жүйеленеді. Фракция құрамынан бизнес өкілдерімен тұрақты байланыс жүргізетін жауапты депутаттар белгіленіп, кәсіпкерлердің ұсыныстарын заңнамалық деңгейде ілгерілету жұмыстары күшейтіледі.
Кездесу қорытындысында бірқатар ірі қауымдастықтардың жетекшілері мен бизнес өкілдері партия қатарына қабылданды. Бұл қадам партия мен кәсіпкерлік ортаның өзара сенімін нығайтып, ортақ мақсаттарға жетуге бағытталған нақты іс-қимылдың көрінісі болды.
Жиында сөз сөйлеген Мәжіліс Спикері «AMANAT» партиясының стратегиялық ұстанымдарын айқындап, бизнесті қолдаудың маңызын ерекше атап өтті:
«Партияның тәжірибесі, әлеуеті және жұмыс істеуге деген ұмтылысы бар. Біз әрдайым Президент саясатының алдыңғы шебіндеміз. Ел тарихындағы маңызды кезеңдерде саяси институттардың басын біріктіріп келеміз. Белсенді азаматтарға арналған жұмыс алаңдарымыз бар. Жастар қанаты мен әйелдер қанаты жұмыс істейді. Олар ел аумағында ондаған мың адамды біріктіреді. Бұл – партиямыздың өзегін құрайтын электорат. Бизнес те партияны өз серіктесі ретінде көруі керек. Бізге сенім білдіріп, мұнда олардың дауысы естілетініне, мәселелері нақты қаралып, шешімін табатынына көз жеткізуі қажет. Сондықтан партияның жеке Кәсіпкерлер қанатын құруды ұсынамын».
Жалпы, «AMANAT» партиясының бұл бастамасы – елдегі кәсіпкерлік ортаны дамытуға, экономиканы әртараптандыруға және халықтың табысын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Партия мен бизнес арасындағы серіктестіктің нығаюы Қазақстанның тұрақты әрі орнықты дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» сияқты ауқымды жобаларды жүзеге асырып мемлекет басшысы мен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген еді. Себебі мыңдаған адам қаржылық сауат ашып қарыз қамытынан құтылып, арзан несие алып кәсіп бастап кеткен.
