СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДӘЛІЗ ЖАҢАРУДА

Түркістан қаласы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 3 шақырымдық бөлігінде жолды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды әрі нәтижелі жобалардың бірі.

Жөндеу аясында ескі асфальт қабаты толықтай алынып, оның орнына сапасы жоғары, ұзақ мерзімге төзімді қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон жабыны төселуде. Заманауи технологияларды қолдану жолдың пайдалану мерзімін ұзартып қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жүргізушілер үшін жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта нысанның 1 шақырымдық бөлігінде бір бағыттағы жол жабыны толық жаңартылып, пайдалануға дайын. Қалған учаскелерде жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүйелі түрде жалғасып жатыр.

Жалпы, жобаны ағымдағы жылдың 22 сәуіріне дейін толық аяқтау жоспарланған. Жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуы тапсырыс беруші және техникалық қадағалау ұйымдарының тұрақты бақылауында.

Айта кету керек, аталған автодәліз – халықаралық маңызы бар ірі көлік артериясы. Сондықтан оның сапасын арттыру бағытындағы бұл жұмыстар өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.