ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ШАБУЫЛ: ТҮРКІСТАНДА КЕҢ АУҚЫМДЫ НАУҚАН ЖҮРІП ЖАТЫР
Түркістан облысында үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстары биыл ерте басталып, жүйелі әрі ауқымды түрде жүргізілуде. Науқан облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдардағы құрғақ климат зиянкестердің жаппай көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастырған. Осыған байланысты фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңірдегі басым міндеттердің біріне айналды.
Облыс әкімі Келес ауданына арнайы барып, шегірткеге қарсы күрес шараларының барысымен танысты. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков, аудан әкімдері, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдері қатысты.
Өңір басшысына зиянкестерге қарсы қолданылып жатқан арнайы техникалар мен препараттар көрсетіліп, негізгі ошақтардағы химиялық өңдеу жұмыстары таныстырылды. Нұралхан Көшеров жауаптыларға науқанды сапалы әрі мерзімінде орындауды қатаң тапсырды. Оның айтуынша, бұл жұмыс жоғары жауапкершілікті талап етеді және кешіктіруге жол берілмейді. Барлық аудан мен ауылдық округ өз міндетін толық орындауы тиіс.
Биылғы науқанның ерекшелігі – заманауи технологиялардың кеңінен енгізілуі. Атап айтқанда, дрондар мен авиациялық әдістер қолданылып, өңдеу жұмыстарының тиімділігі артқан. Нәтижесінде биологиялық тиімділік көрсеткіші 85–95 пайызға жетіп отыр. Жалпы, химиялық өңдеу шаралары облыстың 11 ауданында 421,5 мың гектар алқапты қамтиды. Оның ішінде италиялық прусқа – 4,9 мың гектар, азиялық шегірткеге – 7,1 мың гектар, ал мароккалық шегірткеге қарсы 362,1 мың гектар жер өңделуде.
Науқанға 2 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың қатарында фитосанитариялық инспекторлар, болжам орталығының мамандары, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері, ветеринария және табиғат қорғау саласының өкілдері, сондай-ақ уақытша жұмысшылар бар. Дайындық кезеңінде аумақтар 65 секторға бөлініп, сонша жұмыс тобы құрылған. Жедел штаб Келес ауданындағы Бірлік ауылдық округінде орналасқан.
Күрес шаралары тек химиялық өңдеумен шектелмейді. Қатар агротехникалық тәсілдер де қолданылуда. Мәселен, 2,2 мың гектар аумақта жер жырту жоспарланып, оның белгілі бір бөлігі жүзеге асырылған. Бұл әдіс зиянкестердің көбеюін 35–50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, дернәсілдерді дер кезінде анықтау үшін 1 миллион гектардан астам аумақта мониторинг жүргізу көзделген. Техникалық қамтамасыз ету де күшейтілген: 400-ден астам жер үсті бүріккіш, авиация құралдары мен ауыл шаруашылығы дрондары, 1 мыңнан астам аспалы бүріккіш іске қосылған. Бұдан бөлек, 72 су тасушы көлік пен 48 арнайы шатыр дайындалған.
Жалпы, Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде ұйымдастырылып, барлық қажетті ресурстар толық жұмылдырылған. Ендігі міндет – әрбір деңгейде үйлесімді жұмыс жүргізіп, науқанды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау. Қабылданған шаралар өңірдегі фитосанитариялық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
