«ТҮРКІСТАН САҚШЫЛАРЫ» — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ЖАҢА ҮНІ
Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Түркістан сақшылары» атты ұлттық анимациялық жобаның тұсаукесері өтті. Жаңа туынды өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға бағытталған.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов, сондай-ақ жоба авторлары мен шығармашылық топ өкілдері қатысты. Қатысушылар анимациялық туындының мазмұны мен оның қоғам үшін маңызын атап өтті.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары жаңа жобаның тәрбиелік мәніне тоқталып, жас ұрпаққа сапалы контент ұсынудың маңыздылығын жеткізді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгі таңда білімді, еңбекқор әрі технологияны меңгерген ұрпақ қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Сонымен қатар, Түркістанның тарихи-рухани маңызына ерекше назар аударылып, осындай киелі өңірде өсіп келе жатқан балалардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық сана қалыптастыру қажеттігі айтылды. «Түркістан сақшылары» мультфильмі осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған маңызды жоба ретінде бағаланды.
Анимациялық туындының ұзақтығы 50 минутты құрайды. Жоба аясында жас көрермендерге ел тарихын құрметтеу, адалдық, әділдік, достық пен бірлік сияқты құндылықтар көркем сюжет арқылы ұсынылады. Сонымен бірге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Заң және тәртіп» қағидаттары да қамтылған.
Мультфильм арқылы балаларға қоршаған ортаны қорғау, тазалық сақтау, қоғамдық тәртіпті ұстану секілді маңызды ұстанымдар түсіндіріліп, олардың жауапкершілік сезімін арттыру көзделген.
Шара барысында туындының тизері көрсетіліп, көрермендерге толық нұсқасы ұсынылды. Сонымен қатар балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, анимациялық кейіпкерлер бейнесіндегі аниматорлар мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жоба елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асқан. Заманауи технологиялар қолданылған бұл өнім балаларға арналған контенттің жаңа форматын қалыптастыруға бағытталған. Мультфильмді «Turkistan» телеарнасы әзірлеген. Шығармашылық топ құрамында бас продюсер Уәли Қыдыр, жоба авторы Ғасыр Құралбайұлы және режиссер Еркебұлан Шуашов бар.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 700 мыңнан астам бала мен жасөспірім білім беру және тәрбие жүйесімен қамтылған. Осыған байланысты, олардың рухани дамуына бағытталған сапалы, мазмұнды медиа өнімдерге сұраныс артып отыр.
