СОЗАҚҚА 1 МЛРД ТЕКШЕ МЕТР СУ ЖІБЕРІЛДІ

Президент тапсырмасына сәйкес Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық мақсаттағы су жіберу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда аудан аумағына жеткізілген су көлемі шамамен 950 млн текше метрді құрады.

Аталған шара өңірдің табиғи тепе-теңдігін сақтау үшін маңызды. Су жіберу нәтижесінде құм мен тұзды шаңның таралу қаупі төмендеп, жайылымдық жерлердің жағдайы жақсарады. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығының дамуына оң әсерін тигізеді. Су жеткізілетін аумақ «Қазсушар» РМК-ның Түркістан облыстық филиалының теңгерімінде.

Су жеткізу тиімділігін арттыру және шығындарды азайту мақсатында ұзындығы 120 шақырымды құрайтын Фурманов айналма каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Ені 30–40 метр болатын канал соңғы 40 жылда алғаш рет толық тазартылып, жұмыстар өткен жылдың шілде айында басталып, желтоқсан айының соңында аяқталды.

Аталған жұмыстарды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен Созақ ауданы әкімдігі арнайы жұмыс тобын құрды. Нәтижесінде ауданға қарасты барлық тиісті бөлімдер, ауылдық округтер мен кент әкімдіктері жұмылдырылып, каналдарды тазалау ісі жүйелі түрде жүзеге асырылды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп, 218 тонна дизель отыны бөлінді.

Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жәмиевтің айтуынша, бұл бастама аудан тұрғындары үшін аса маңызды. Оның пікірінше, су ресурстарының жеткізілуі мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өзен арналары құрғаған жағдайда туындайтын экологиялық қауіптердің алдын алады.

Тұрғындардың өтініші негізінде «Қазсушар» РМК «Су-метрология» филиалының мамандары су деңгейін бақылау үшін арнайы гидрометриялық рейка орнатты. Қазіргі уақытта су Тасты ауылы маңынан өтіп, қосымша 12 шақырым аумаққа таралды.