«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ АЯСЫНДА 2 МЫҢНАН АСТАМ ТАЛ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Түркістан қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған кең көлемді іс-шара ұйымдастырылды. Аталған экологиялық акцияға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары мен қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық сала мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері және қала тұрғындары белсене қатысты.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров шара барысында табиғат жанашырларымен жүздесіп, олармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Кездесу аясында қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы, өңірдегі жасыл желекті көбейту бағытындағы жұмыстар және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Нұралхан Көшеров:
– «Таза Қазақстан» – қысқа мерзімге арналған науқан емес, бұл – әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды бастама. Тек арнайы акциялар кезінде ғана емес, әрбір тұрғын өз ауласында, көшесінде ағаш отырғызып, айналаның тазалығын сақтауға үлес қосса, бұл игі іс кеңінен қолдау табады. Табиғатты аялау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ міндет. Сондықтан баршаңызды өңірді көгалдандыруға белсенді қатысуға шақырамын, – деді.
Іс-шара шеңберінде қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл аймақтарды кеңейту мақсатында жаппай ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бір күннің ішінде 1200 түп Қырым қарағайы және 1000 түп түрлі жапырақты ағаш көшеттері егілді. Осылайша, жалпы саны 2200-ден астам ағаш отырғызылып, Түркістан қаласына кіреберістегі жасыл белдеу айтарлықтай толықты. Алдағы жылдары бұл аумақ толыққанды саябаққа айналып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы демалыс орны болмақ.
Мамандардың айтуынша, ағаш отырғызу – тек көріктендіру шарасы ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғаудың тиімді тетігі. Жасыл желектер ауаның сапасын жақсартып, көмірқышқыл газын сіңіреді, оттегін бөліп шығарады және климаттың жұмсаруына ықпал етеді.
Топырақ эрозиясының алдын алу – экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі. Жел және су эрозиясы салдарынан жердің құнарлы қабаты бүлініп, ауыл шаруашылығы өнімділігі төмендейді. Осы ретте ағаш отырғызу, жасыл белдеулер қалыптастыру және жерді тиімді пайдалану шаралары эрозия қаупін азайтып, табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Экологиялық акция барысында тұрғындарға қоршаған ортаны ластамау, қоқысты ретсіз тастамау, табиғи ресурстарды үнемді пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Табиғатты қорғау тек мемлекеттік деңгейдегі шаралармен шектелмей, әрбір азаматтың саналы әрекетін талап ететіні атап өтілді. Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты қажет етеді.
Таңғы сағат 7:30-дан бастап басталған игі шараға қатысушылар жоғары ұйымшылдық танытып, көтеріңкі көңіл күймен өз үлестерін қосты. Қала аумағын көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа жасыл аймақтар құру жоспарланып отыр.
Айта кету қажет, Түркістан облысында 2021–2025 жылдар аралығында 800-ден астам елді мекенде 3,6 миллионнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Ал 2026 жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 1 миллион түп ағаш егу көзделіп, нақты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Жалпы, орман алқаптарын көбейту – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Ағаштар биоалуантүрлілікті сақтауға, жануарлар мен құстардың табиғи мекенін қорғауға ықпал етеді. Сонымен қатар олар адам денсаулығына оң әсерін тигізіп, таза ауа мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай бастамалар табиғат пен адамзат арасындағы үйлесімділікті сақтауда ерекше маңызға ие.
