ТҮРКІСТАН: МАҚТАДАН КИІМ ТІГУГЕ ДЕЙІНГІ ТОЛЫҚ ЦИКЛДІ ӨНДІРІС ДАМУДА

Түркістан облысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде қолға алынған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасының инвесторларымен кездесіп, жобаның іске асу қарқынын, өндірістік көрсеткіштерін және алдағы даму бағыттарын жан-жақты талқылады. Кездесу барысында негізгі басымдықтар, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары қарастырылды.

Аталған жоба – облыс экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор, ауқымды индустриялық бастамалардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі 146,6 млрд теңгені құрайтын кешен мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеп, дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Бұл өз кезегінде қосылған құнды арттырып, өңірде бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жоба толық қуатына шыққан кезде 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында заманауи тамшылатып суару технологиясы кеңінен енгізілуде.

Кешен құрылымына бірқатар өндірістік нысандар кіреді. Атап айтқанда, мақта өңдеу зауыттары, ПВХ құбырларын шығаратын кәсіпорын, тамшылатып суару жүйелерін өндіру желісі, жіп иіру фабрикасы, тоқыма өндірісі, бояу және әрлеу цехтары, сондай-ақ дайын өнім шығаратын тігін фабрикасы бар. Осы арқылы шикізатты өңдеудің барлық кезеңі бір жүйеге біріктіріліп, толыққанды өндірістік экожүйе қалыптасуда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1760 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту деңгейі айтарлықтай артты. Бұл жобалар тек өндірістік әлеуетті күшейтіп қана қоймай, халықтың табысын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде.

Сонымен қатар Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа мақта егу жобасы іске асырылуда. Бұл бастама агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға тың серпін беріп, шикізат базасын нығайтуға мүмкіндік жасап отыр. Нәтижесінде өңірде жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына қолайлы жағдай қалыптасуда.

Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы құны 46,5 млрд теңгені құрайтын тағы 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Облыс әкімі инвесторларға қажетті қолдау шаралары толық көрсетілетінін атап өтіп, барлық жобалар оның тікелей бақылауында екенін жеткізді.

 

Нұралхан Көшеров: 

Біз үшін басты міндет – инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету. Осы арқылы жаңа өндірістер ашылып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады, өңір экономикасы дамиды. Толық циклді мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру – стратегиялық мақсатымыз. Бұл бағыттағы барлық бастамалар толық іске асуы тиіс, – деді.

Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды құралдардың бірі болып отыр. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы мыңдаған азаматты тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті кадрларды даярлау, қайта оқыту және жұмыспен қамту шаралары қатар жүргізілуде.

Кездесу барысында инвесторлар жобалардың қазіргі жай-күйі туралы баяндап, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Негізгі мәселелердің бірі – білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігі. Осыған байланысты облыс әкімі жауапты басқармаларға жергілікті колледж түлектерін жұмысқа тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сонымен бірге қажетті мамандықтар бойынша тегін оқытуға мемлекеттік гранттар бөлу қарастырылған.

Жобаны іске асырып жатқан компания Қытайдың агроөнеркәсіптік индустрияландыру саласындағы жетекші кәсіпорындарының бірі саналатын «Zhongtai Group» құрамына кіреді. Компания мақта және тоқыма өндірісінде толық технологиялық тізбекті қалыптастыру бағытында мол тәжірибеге ие.

Қазіргі уақытта өндірістік кешенде еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше мән берілген. Отырар ауданындағы мақта алқаптары 16 секторға бөлініп, әр секторда жұмысшыларға арналған жатын орындар мен асханалар қарастырылған. Сонымен қатар зауыт аумағында 4 жатақхана пайдалануға беріліп, қызметкерлер күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Бүгінде кешенде 700-ден астам адам еңбек етуде.

Алдағы кезеңде жаңа өндіріс орындары іске қосылған сайын қосымша жұмыс орындары ашылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі одан әрі төмендей түседі. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді.