1353 ПСИХОЛОГ БАР, БІРАҚ МӘСЕЛЕ НЕГЕ ЖОЙЫЛМАЙ КЕЛЕДІ?

Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік тәуекелдерді төмендету мәселелеріне арналған арнайы штаб отырысы өтті. Жиында өңірдегі ахуал жан-жақты талқыланып, салааралық өзара іс-қимылды күшейту, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру бағытындағы нақты міндеттер айқындалды.

Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді. Басқосуда білім беру, құқық қорғау, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау салаларының жауапты өкілдері баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарларды ұсынды. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың себептері, тәуекел факторлары және оларды жою тетіктері кеңінен сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап отырғанын атап өтті. Бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлескен әрі үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқаратынына тоқталды.

Ертай Алтаев: 

Балалардың қауіпсіздігі, олардың құқықтарының сақталуы және сапалы тәрбие алуы – қоғам дамуының негізгі кепілі. Заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте біз тек құқықбұзушылықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алуға басымдық беруіміз қажет. Әрбір бала – елдің болашағы. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым және дін өкілдерімен бірлескен тәрбие жұмыстарын күшейту аса маңызды, – деді.

Жиын барысында «тәуекел тобына» жататын кәмелетке толмағандармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланыс тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар мектептерде құқықтық тәрбие беру, буллинг пен агрессияның алдын алу, оқушылардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

Қатысушылар заң мен тәртіптің қоғамдағы орнына тоқталып, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру – құқықбұзушылықтың алдын алудың негізгі тетігі екенін атап өтті. Құқықтық мәдениеті жоғары ұрпақ – тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның негізі. Осыған байланысты оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, жастарды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу міндеті алға қойылды.

Отырыс қорытындысында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, аудан және қала деңгейінде комиссия отырыстарын тұрақты өткізу, мониторинг жүргізу, деректерді саралау және нақты ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Сондай-ақ ведомствоаралық жұмыс топтарын құрып, әрбір жағдайды жеке қарау тәжірибесін енгізу қажеттігі айтылды.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында мыңнан астам білім беру ұйымында 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың психологиялық ахуалын бақылау және қолдау жұмыстарымен 1353 педагог-психолог айналысады. Өңірде психологиялық қызмет жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылып, ата-аналармен, педагогтермен және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату күшейтілуде.

Сонымен қатар білім беру мекемелерінде буллингтің, құқықбұзушылықтың және өзге де теріс құбылыстардың алдын алу мақсатында заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде. Бұл бастамалар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң мен тәртіпті сақтау, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ғана біз саналы, білімді әрі жауапты ұрпақ қалыптастыра аламыз. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, жас буынның жарқын болашағын қамтамасыз етуге негіз қалануда.