АУЛА ТАЗАЛАУҒА 4 МЫҢ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза аула» экологиялық акциясы Мақтаарал ауданында кең көлемде ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Бұл шара тек кезекті сенбілік емес, қоғамда тазалыққа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Аудан бойынша өткен тазалық жұмыстарына шамамен 4 мыңға жуық адам жұмылдырылып, 11 бірлік арнайы техника тартылды. Ұйымдастырылған іс-шара барысында елді мекендердің көшелері, аулалары, қоғамдық орындары ретке келтіріліп, нәтижесінде 24 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Бұл өз кезегінде өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, санитарлық тазалықтың сақталуына оң ықпал етті.

Сонымен қатар сенбілік тек қоқыс тазалаумен шектелмей, абаттандыру және көріктендіру жұмыстарымен жалғасын тапты. Атап айтқанда, 1520 түп ағаш әктеліп, олардың күтімі жақсартылды, 70 жарық бағанасы жаңартылып, ретке келтірілді. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы тазартылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Айрықша атап өтерлігі, көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары бұл шараға ерекше белсенділік танытып, өз аулаларын тазалап қана қоймай, көгалдандыру, гүл егу, қоршаған ортаны көркейту жұмыстарына да үлес қосты. Мұндай игі бастамалар халықтың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, ортақ іске жұмыла білу мәдениетін қалыптастырады.

Жалпы алғанда, ауыл мен қаланы таза ұстау – тек бір күндік сенбіліктің емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс маңызды міндет. Тазалық сақталған жерде – тәртіп, денсаулық және жайлы өмір қалыптасады. Ал қоршаған ортаның күтімі жақсарған сайын тұрғындардың өмір сапасы да арта түсетіні сөзсіз.

Осындай ауқымды әрі бірлескен жұмыстар қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтып, келешек ұрпаққа үлгі боларлық игі дәстүрдің қалыптасуына негіз қалайды. Баланы тазалық пен еңбекке баулу — адал әрі еңбекқор адам болуына жетелеу.