САЯЛЫ ТАЛ ҚАЛДЫРАДЫ

Жетісай ауданы аумағында қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында кең көлемді экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған бастама мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жалпыхалықтық сипат алған Taza Qazaqstan акциясы аясында «Жасыл болашақ» атауымен өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсарту, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.

Жаппай сенбілікке аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып, оған мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, ерікті жастар ұйымдары және түрлі сала мамандары жұмылдырылды. Жалпы саны 15 мыңға жуық адам қатысқан бұл ауқымды шараға 20-ға жуық арнайы техника тартылып, барлық белгіленген аумақтар толық қамтылды. Ұйымдастыру жұмыстары алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп, тазалық шаралары жүйелі әрі үйлесімді түрде атқарылды.

Экологиялық акция барысында аудан көлемінде ауқымды тазарту жұмыстары жүзеге асырылды. Нәтижесінде мың гектарға жуық аумақ қоқыстан тазартылып, 25 тоннадан астам тұрмыстық және қатты қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар табиғи ортаны жақсарту және жасыл желекті көбейту мақсатында мыңға жуық көшет отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бұл шаралар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындарға қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға оң ықпал етті.

Сенбілік аясында санитарлық тазалық жұмыстары ауданның барлық елді мекендерін қамтыды. Атап айтқанда, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар бойы, қоғамдық демалыс орындары, саябақтар мен гүлзарлар, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, сондай-ақ арық-атыз жүйелері тазартылды. Бұдан бөлек, ағаштардың түптері әктеліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар тек тазалықты қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар елді мекендердің көркін арттыруға бағытталды.

Аудан тұрғындарының белсенділігі мен табиғатқа деген жанашырлығы аталған шара барысында айқын көрініс тапты. Әртүрлі жастағы азаматтардың ортақ іске жұмыла қатысуы экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Осындай игі бастамалар арқылы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне деген қоғамдық көзқарас нығайып, жауапкершілік деңгейі арта түсуде.

Айта кету қажет, Жетісай ауданында тазалықты сақтау, аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауда. Бұл бағытта арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, елді мекендерде жүйелі түрде тазалық күндері өткізіліп келеді. Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, экологиялық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

Жалпы алғанда, аталған экологиялық акция өңірдегі санитарлық жағдайды жақсартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және табиғатты қорғау бағытындағы ортақ жауапкершілікті нығайтуға ықпал еткен маңызды шаралардың бірі болды. Мұндай ауқымды бастамалар «Таза Қазақстан» бағдарламасының тиімділігін айқындап, қоғамды игі істерге жұмылдырып отыр.

Осы ретте тұрғындарды тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, ағаш отырғызу ісіне де белсенді қатысуға шақыру маңызды. Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген терең мағыналы өсиет бар. Бұл сөздің астарында ұрпаққа қалатын ең үлкен мұра – табиғат, жасыл желек екені айқын көрінеді. Мал – уақытша байлық болса, егілген тал – жылдар бойы өсіп, саясын беріп, қоршаған ортаны жақсартып, келешек ұрпаққа қызмет ететін құндылық. Сондықтан әрбір азамат туған жерінің көркеюіне үлес қосып, ағаш отырғызуды игі дәстүрге айналдыруы тиіс. Бұл – табиғатқа жасалған қамқорлық қана емес, болашаққа қалдырылған аманат.