ҚАЗЫҒҰРТТА 10 МЫҢ ТҰРҒЫН АКЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Қазығұрт ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және елді мекендердің тазалығын жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл игі шара аудан көлемінде ерекше серпінмен өтіп, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.

Ауқымды экологиялық акцияға аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып, жалпы саны 10 000 адам жұмылдырылды. Бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен халық тазалық жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты. Сенбілік барысында Қазығұрт ауыл округіндегі «Орталық саябақ» пен Сарапхана ауыл округіндегі «Мәңгілік Ел» саябағында санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді.

Іс-шараға 20 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 1 000 гектардан астам аумақ қамтылды. Бұл – аудан көлемінде бұрын-соңды болмаған кең ауқымды тазалық жұмыстарының бірі. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 20 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Осылайша, қоршаған ортаның тазалығы қамтамасыз етіліп, тұрғындарға қолайлы экологиялық жағдай қалыптастыруға нақты қадам жасалды.

Сенбілік барысында аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы барып, тазалық жұмыстарымен танысты. Ол тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы 1 000 түп ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, дендросаябақ аумағында өткен суретшілер көрмесін тамашалады. Бұл көрме табиғат пен өнердің үндестігін көрсетіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Аудан әкімі бұдан кейін Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағына барып, ондағы атқарылып жатқан абаттандыру және тазалық жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда да тұрғындар белсенділік танытып, саябақ аумағын ретке келтіруде аянбай еңбек етті.

Экологиялық акция тек тазалық жұмыстарымен шектеліп қалмай, салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралармен жалғасты. Атап айтқанда, марафон ұйымдастырылып, аудан тұрғындары ерекше ынтамен жүгіріп өтті. Бұл – тек табиғатты қорғау ғана емес, денсаулықты нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды. Сонымен қатар, көрме алаңында түрлі экологиялық жобалар мен шығармашылық жұмыстар ұсынылып, келушілерге мазмұнды әсер қалдырды.

Бұл игі бастама халқымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөзінің мәнін тағы бір мәрте айқындай түсті. Аталған өсиет – ұрпақ қамын ойлаған көрегендіктің белгісі. Өйткені табиғат – адамзаттың өмір сүруінің негізі, ал ағаш отырғызу – болашаққа қалдырылған ең құнды мұра. Сондықтан мұндай шаралар тек бүгінгі күннің қажеттілігі ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпауымыз қажет.

Қорыта айтқанда, Қазығұрт ауданында өткен бұл сенбілік – тазалықтың ғана емес, бірлік пен ынтымақтың, табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын көрінісі болды. Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, экологиялық мәдениет қоғамда берік қалыптасатынына сенім мол.