ШЫМКЕНТТЕ ШЕНЕУНІК СОТТАЛДЫ

Шымкентте сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған құқық қорғау органының қызметкеріне сот үкімі шықты.  Соңғы уақытта мегаполисте лауазымды тұлғалардың ұсталуы мен оларға қатысты шығарылған сот үкімдері туралы ақпараттар жиілеп кетті. Осы ретте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының нәтижесінде кезекті лауазымды тұлға заң алдында жауапқа тартылды.

Атап айтқанда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі З.Е. Тұрсыналыға қатысты үкім кесті. Сот материалдарына сәйкес, аталған азамат 2026 жылдың наурыз айында ҚР ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен жедел-іздестіру шаралары барысында қылмыс үстінде ұсталған болатын.

​Сот талқылауының қорытындысы бойынша З.Е. Тұрсыналы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (қызметтік бабын пайдалана отырып жасалған алаяқтық) және 367-бабы 2-бөлігі (пара беруге итермелеу) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы негізінде сотталушыға 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды.

Мұндай келеңсіз оқиғалар мемлекеттік институттарға деген сенімге нұқсан келтіріп, қоғамда сыбайлас жемқорлықпен күресті одан ары күшейтудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы жемқорлықпен күрес жүргізу.