ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РУХАНИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ел руханиятын жаңғыртуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында өткізілді. Президент өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеп, оны кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен конференцияны Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырды.

Жиынның негізгі мақсаты – Ясауи ілімін жан-жақты зерделеу, оның рухани-адамгершілік құндылықтарын қазіргі қоғаммен сабақтастыру және жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалану. Конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері, сондай-ақ зиялы қауым қатысты. Бұл басқосу рухани мұраны ғылыми тұрғыдан талқылап қана қоймай, оны қоғамдық санаға терең енгізудің тетіктерін айқындауға мүмкіндік берді.

Шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан мен Ясауи ұғымдарының ажырамас байланысына тоқталып, өңірдің тарихи-рухани маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы ғана емес, ұлттық бірегейліктің алтын діңгегі. Бұл қасиетті мекенде Қожа Ахмет Ясауи ілімінің тамыр жаюы – халқымыз үшін зор мақтаныш әрі баға жетпес мұра.

Әкім өз сөзінде Мемлекет басшысының Әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы және Ясауи ілімдерін кешенді түрде насихаттау жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, «Диуани хикмет» еңбегінің ғасырлар бойы халықтың рухани бағдаршамы болып келе жатқанын айтып, оның мазмұнында адамгершілік, әділдік, мейірім мен имандылық құндылықтары кеңінен көрініс тапқанын жеткізді.

Конференция барысында Наурызбай Тағанұлы сөз сөйлеп, қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау мен дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Ол Ясауи ілімінің бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін атап өтіп, оның адамды ізгілікке, сабыр мен парасаттылыққа тәрбиелейтін рухани негіз екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті профессоры Досай Кенжетай Ясауи тұлғасының тарихи маңызына терең талдау жасап, оның ілімін ғылыми тұрғыда зерттеудің өзектілігін көтерді. Ал Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр «Диуани хикметке» қатысты қолжазбаларды мәтінтанулық тұрғыдан зерттеу нәтижелерін ұсынып, тың деректермен бөлісті. Өзге де ғалымдар Ясауи дүниетанымындағы ұлттық және рухани құндылықтарды сақтау, оны білім беру жүйесіне енгізу мәселелерін жан-жақты қарастырды.

Жиын барысында көтерілген негізгі тақырыптардың бірі – рухани тәрбиенің адам қалыптастырудағы рөлі болды. Ғалымдардың пікірінше, Ясауи ілімі адамды кемелдікке жетелейтін ілім. Бұл ой Абай Құнанбайұлы айтқан «толық адам» тұжырымымен үндеседі. Яғни, рухани тәрбие алған адам – адал, әділ, мейірімді, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасады. Мұндай қасиеттер қоғамның тұрақты дамуына негіз болады.

Осы ретте отбасы тәрбиесінің маңызы ерекше атап өтілді. Баланың бойына адамгершілік пен рухани құндылықтарды сіңіру ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі екені айтылды. Егер ата-ана балаға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оны ізгілікке тәрбиелесе, ол ертең елге пайдалы, саналы азамат болып өседі. Сондықтан Ясауи іліміндегі тәрбиелік қағидаларды отбасында және білім беру жүйесінде кеңінен қолдану – уақыт талабы.

Конференция қорытындысында Ясауи мұрасын насихаттау, оны ғылыми айналымға енгізу және жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану бағытында нақты ұсыныстар қабылданды. Жалпы, бұл басқосу – ұлттық руханиятты жаңғыртуға, тарихи сабақтастықты сақтауға және қоғамда ізгілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.