ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Түркістан облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру қызметімен айналысатын барлығы 221 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олардың ішінде 75 субъект келісімшарт негізінде, ал 146 кәсіпорын лицензиялық тәртіппен жұмыс жүргізуде. Аталған мәселе облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен арнайы жиында кеңінен қаралды. Жиын барысында өңірдегі жер қойнауын тиімді әрі заңды пайдалану, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Кеңес барысында заңсыз жер қойнауын пайдалану деректерін анықтау және олардың жолын кесу мақсатында белгіленген «қызыл нүктелердің» жай-күйіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне бұл бағыттағы жұмысты жүйелеп, нақты нәтижеге бағытталған шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір шешілмеген мәселенің артында өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайы, жергілікті кәсіпкерлердің мүддесі және жалпы облыс экономикасының тұрақтылығы тұр.

Қанат Қайыпбек 

Мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімділікті арттырып, артық бюрократиялық кедергілерді азайту қажет. Заң талаптарын сақтай отырып жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету – басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар заңсыз қазба жұмыстарын жүргізіп отырған «қызыл нүктелерге» тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарту қажет. Бұл бағыттағы рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде, кемінде апта сайын ұйымдастырылуы тиіс, – деді.

Жиында облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаев өңірдегі жер қойнауын пайдалану саласының ағымдағы жағдайы бойынша баяндама жасады. Оның мәліметінше, басқарма тарапынан ұсынылған есептерге тұрақты түрде талдау жүргізіліп, өздеріне жүктелген міндеттемелерді толық орындамаған жер қойнауын пайдаланушыларға ескерту шаралары қолданылады. Белгіленген талаптар мен мерзімдер сақталмаған жағдайда, олардың қызметін тоқтату немесе шектеу бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданады.

Сонымен қатар маркшейдерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс ұйымдастырылып, нәтижесінде жеңімпаз анықталып, келісімшарт жасалған. Осыған байланысты ағымдағы жылдың мамыр айында Сайрам ауданында орналасқан кен орындарына маркшейдер мамандарын тарта отырып, кешенді зерделеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар жер қойнауын пайдаланудың техникалық және құқықтық талаптарға сәйкестігін нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Жер телімдерін заңдастыру және рәсімдеу бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелген. Сонымен бірге жүргізілген талдау және мониторинг нәтижесінде өңір аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілері орын алған 22 «қызыл нүкте» анықталды. Олардың 15-і жеке тұлғалардың меншігіндегі жер телімдерінде орналасқан болса, қалған 7 нүкте аудан әкімдіктерінің қарауындағы ортақ жайылым жерлеріне тиесілі екені белгілі болды.

Заңсыз жер қойнауын пайдалану тек құқықтық талаптарды бұзумен шектелмейді, оның экологиялық, экономикалық және әлеуметтік зардаптары да өте ауқымды. Біріншіден, бақылаусыз жүргізілген қазба жұмыстары жер бедерінің бұзылуына, топырақтың құнарсыздануына және ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлердің жарамсыз күйге түсуіне әкеледі. Екіншіден, табиғи ресурстардың ретсіз игерілуі қоршаған ортаға зиян келтіріп, жер асты суларының деңгейінің төмендеуіне және экожүйенің тепе-теңдігінің бұзылуына себеп болады.

Үшіншіден, заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекет бюджетіне түсетін түсімдер азайып, көлеңкелі экономиканың үлесі артады. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар мұндай қызмет түрлері еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына әкеліп, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

Осыған байланысты облыс басшылығы тарапынан заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы күресті күшейту, бақылау тетіктерін жетілдіру және заң талаптарын қатаң сақтау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Жиын қорытындысы бойынша берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады және жауапты мекемелерге нақты мерзімдер белгіленді.