50 МЫҢ ІРІ ҚАРА БОРДАҚЫЛАЙДЫ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған заманауи бордақылау кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Turkestan Agro.kz жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізінде қолға алынған бұл бастама толық қуатына шыққанда өңірдегі ең ірі өндірістік нысандардың біріне айналуы күтілуде. Қазіргі таңда кешенде шамамен 30 мыңға жуық ірі қара мал бордақыланып жатыр, ал өндірістік жүйе толықтай цифрлық басқаруға көшірілген. Жоба қалдықсыз технологияға сүйеніп, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

Аталған бастаманың жүзеге асырылуы облыс басшылығының тұрақты назарында. Кәсіпкер Сырым Ертаевтың мәліметінше, кешендегі барлық негізгі үдерістер — малды күтіп-бағу, азықтандыру, ветеринарлық бақылау — автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде адам еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Еуропалық озық технологияларды енгізу нәтижесінде өндіріс тиімділігі бірнеше есеге өсуде. Қазірдің өзінде өндірілген ет өнімдері ішкі нарықтан бөлек Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне экспортталып отыр. Ал алдағы уақытта Түркия нарығына шығу жоспарланған.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең аясында бордақылау алаңын салуға 2,9 млрд теңге бөлініп, қосымша 1,5 млрд теңге жаңбырлатып суару жүйелерін алуға бағытталған жеңілдетілген несие ретінде қарастырылған. Екінші кезеңде мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілуде. Қалған қаржыландыру жеке инвестициялар арқылы қамтамасыз етілуде. Бұл мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігін көрсететін нақты мысалдардың бірі.

Кешенде мал өсірудің аустралиялық «торлы» әдісі енгізілген. Бұл тәсіл бойынша барлық алаң бірнеше секторға бөлініп, әр топтағы мал жасына, салмағына және физиологиялық ерекшеліктеріне қарай жіктеледі. Әрбір топ үшін теңгерімді азықтандыру рационы автоматты түрде есептеліп, тұрақты бақылауда ұсталады. Мұндай жүйе малдың тез салмақ қосуына ықпал етіп, түрлі аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар санитарлық талаптар қатаң сақталып, қалдықтарды басқару жүйесі толық жолға қойылған. Малдың кең әрі ашық алаңда еркін қозғалуына жағдай жасалған, бұл олардың табиғи күйін сақтап, стресс деңгейін азайтады.

Шаруашылықта қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара өсірілуде. 4710 гектар жерге мал азығы дақылдары егілген, бұл кешеннің жемшөпке деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Тәулігіне 50 мың басқа дейін шамамен 500 тонна азық беріледі. Жоба толық іске қосылғанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашылады. Қазіргі уақытта 30-дан астам ауыл тұрғыны еңбек етуде.

Жалпы, мал шаруашылығын дамыту — экономиканың маңызды бағыттарының бірі. Ірі қара өсіру халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл сала ауылдық жерлерде тұрақты табыс көзіне айналып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігін тигізеді. Малдан алынатын өнімдер — ет, сүт, тері — өндірістің басқа салаларына да негіз болады. Сондықтан мұндай ірі жобалар өңірдің ғана емес, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.

Ауқымды кешеннің іске қосылуы Түркістан облысының аграрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның ет өндірісі саласына тың серпін беретіні сөзсіз.