АТА-АНАЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІНДЕ

Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған комиссияның кезекті штаб отырысы ұйымдастырылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, жүргізді. Басқосу барысында өңірдегі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың психологиялық ахуалын жақсарту және әлеуметтік тұрғыда осал топтағы отбасылармен жұмысты күшейту бағыттары жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – тәуекел тобына жататын балалар мен отбасыларды қолдау тетіктерін жетілдіру болды. Осы бағытта облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Кенжебаева баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлмира Төленова 2026 жылдың сәуір айындағы жағдайларға жүргізілген талдау нәтижелерін ұсынып, жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерге назар аударды. Ал Сайрам, Төлеби және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары өз өңірлеріндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижелері туралы есеп берді.

Жиын барысында сөз алған комиссия төрағасы кәмелетке толмағандар арасында кездесетін құқық бұзушылықтар мен әлеуметтік сипаттағы қиындықтардың өзектілігін атап өтіп, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде күшейту қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, олардың психоэмоционалдық тұрақтылығы мен дұрыс мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте білім беру ұйымдары мен ата-аналардың өзара байланысын нығайту, тәуекел тобындағы балаларды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде көмек көрсету айрықша мәнге ие.

Отырыс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, білім беру мекемелеріндегі тәуекел тобындағы оқушылардың деректер базасын жаңарту, оларға кешенді диагностика жүргізу және жүйелі сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру көзделді. Сонымен қатар мектеп психологтарының кәсіби деңгейін арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлескен іс-шараларды күшейту міндеті қойылды.

Бұдан бөлек, жасөспірімдер арасында қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, әрбір төтенше жағдайды мұқият зерделеу, жауапты тұлғалардың міндеттерін нақтылау және ведомствоаралық үйлесімділікті арттыру қажеттігі айтылды. Тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау жүйесін енгізу, педагог-психолог кабинеттерін заманауи талаптарға сай жабдықтау, сондай-ақ мереке және демалыс күндері балалардың бақылаусыз топтасуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Жалпы, балалардың тәртіпті, әдепті болып өсуі тек құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, олардың болашақта қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына да тікелей әсер етеді. Әдептілік пен жауапкершілікке ерте жастан баулу – баланың ішкі мәдениетін дамытып, өз әрекетіне сын көзбен қарауға үйретеді. Мұндай қасиеттерді бойына сіңірген бала өзгеге құрметпен қарап, заң талаптарын сақтауға бейім болады.

Ата-аналар үшін де бұл бағыттың маңызы зор. Отбасында дұрыс тәрбие мен тұрақты бақылау болған жағдайда, бала өзін қауіпсіз сезінеді және теріс ортаға түсу ықтималдығы төмендейді. Ата-ана мен мектеп арасындағы сенімді байланыс баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір отбасы баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, оның ортасын бақылауға және эмоционалдық жағдайына көңіл бөлуге тиіс.

Осылайша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жүйелі әрі үйлесімді жұмыстар арқылы ғана жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын қамтамасыз етуге болады.

Бұдан былай, мектептен тыс уақытта бала қауіпсіздігіне мұғалімдер емес, ата-ана жауапты болады. Бұл мәселе жаңа заң жобасында қаралуда.