ОБЛЫС ОҚУШЫЛАРЫ АҚШ-ТА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Түркістан облысының оқушылары халықаралық білім және технология саласындағы беделді додада жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында өңір намысын қорғаған команда жүлделі орынға ие болып, өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді. Аталған байқау – әлемдегі ең ірі ғылыми-техникалық жарыстардың бірі саналады және оған түрлі елдерден дарынды оқушылар қатысады.

Халықаралық FIRST әлем чемпионаты аясында Қазақстан құрамасы жалпы 12 марапатқа ие болып, ұлттық құраманың дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Жарыс Хьюстон қаласындағы George R. Brown Convention Center кешенінде ұйымдастырылып, оған әлемнің әр түкпірінен 50 мыңнан астам қатысушы жиналды. Қазақстан атынан рекордтық көрсеткішпен 225 оқушыдан құралған делегация қатысып, елдің білім беру жүйесіндегі оң өзгерістердің нақты нәтижесін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық командалар барлық санаттарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, түрлі бағыттарда өз шеберліктерін дәлелдей алды. Атап айтқанда, Түркістан облысынан барған команда «Unearthed» тақырыбы аясында археология бағытын қамтитын тың идеялар мен инновациялық жобаларды ұсынып, төрт негізгі кезең бойынша бақ сынады. Бұл кезеңдер қатысушылардың жан-жақты дайындығын, шығармашылық қабілетін және инженерлік ойлау деңгейін анықтауға бағытталған.

Аталған бағыттар бойынша оқушылар: – «Innovation Project» кезеңінде ғылыми-инновациялық жобаларын қорғап, нақты мәселелерге заманауи шешімдер ұсынды;

– «Robot Performance» кезеңінде роботтарды бағдарламалау арқылы 15 түрлі миссияны орындап, техникалық дағдыларын көрсетті;

– «Robot Design» бағытында роботтың құрылымы мен бағдарламалық жасақтамасын жан-жақты таныстырды;

– «Core Values» кезеңінде командалық жұмыс, өзара қолдау, жауапкершілік және көшбасшылық қасиеттерін паш етті.

Нәтижесінде Түркістан облысынан қатысқан Tolebi Daryn командасы FIRST LEGO League Challenge (10–16 жас) санаты бойынша әлемнің үздік командаларының қатарына еніп, ТОП-5 көрсеткішке қол жеткізді. Сонымен қатар, команда «Champions Award» финалисті атанып, жоғары деңгейдегі дайындық пен табандылықтың нәтижесінде жүлделі II орынды иеленді.

Бұл жетістік – тек бір команданың ғана емес, жалпы өңірдегі білім беру жүйесінің сапасын көрсететін маңызды көрсеткіш. Оқушылардың робототехника, бағдарламалау және инженерлік бағыттарда жетістікке жетуі олардың заманауи талаптарға сай білім алып жатқанын айғақтайды.

Білімді болу – жеке тұлғаның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Терең білім мен сапалы дағдылар адамның сыни ойлау қабілетін қалыптастырып, күрделі мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Әсіресе, қазіргі цифрлық дәуірде технологиялық сауаттылық пен инженерлік ойлау қабілеті үлкен сұранысқа ие. Робототехникамен айналысу оқушылардың логикалық ойлауын дамытып қана қоймай, оларды жаңашылдыққа, зерттеушілікке және табандылыққа тәрбиелейді.

Сонымен қатар, білімді ұрпақ – елдің зияткерлік әлеуетін арттыратын басты күш. Халықаралық жарыстарға қатысу арқылы оқушылар өз тәжірибесін кеңейтіп, түрлі мәдениет өкілдерімен байланыс орнатады, жаңа идеялармен танысады. Бұл өз кезегінде олардың дүниетанымын кеңейтіп, болашақта бәсекеге қабілетті маман болуына негіз қалайды.

Түркістан облысы оқушыларының бұл жетістігі – жүйелі еңбектің, сапалы білімнің және ұстаздар мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі. Мұндай жеңістер жас буынның ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып, оларды жаңа белестерге жетелейді. Алдағы уақытта да өңір оқушыларының халықаралық деңгейдегі жетістіктері артып, ел мерейін үстем ететініне сенім мол.