ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ КОНТРАБАНДАНЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету бағытында сәуір айында құзырлы мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді.

Есепті кезеңде шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған 4 113 тұлға ұсталды, оның ішінде 3 545-і шетел азаматтары. Сонымен қатар мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен түрлі жүктерді заңсыз өткізуге бағытталған 985 деректің жолы кесілді. Атап айтқанда, 34 факті бойынша есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қойылды. Сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз алып өтуге қатысты 48 дерек анықталып, нәтижесінде 2 бірлік атыс қаруы, 55 бірлік суық қару және 27 бірлік оқ-дәрі тәркіленді.

Бұдан бөлек, 403 жағдайда жалпы көлемі 30 тоннадан асатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдау әрекеттерінің жолы кесілді. Халық тұтынатын тауарларды заңсыз алып өтуге қатысты 372 факт анықталып, олардың жалпы құны 825 млн теңгеден асты. Сонымен қатар шамамен 1,2 млрд теңгені құрайтын шетел валютасын заңсыз тасымалдаудың 128 дерегі тіркелді.

Каспий теңізінің су айдынында браконьерлік қызметтің 18 фактісі тоқтатылып, заңсыз пайдаланылған құралдар мен бекіре тұқымдас балықтар тәркіленді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде алдын алынған жалпы экономикалық шығын көлемі 503 млн теңгеден асты.

Шекара қызметі өз құзыреті шеңберінде 9 қылмыстық іс қозғап, қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Қалған анықталған құқық бұзушылықтар бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.

Жалпы алғанда, ҰҚК Шекара қызметінің жүйелі әрі үйлесімді жұмысы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, мемлекеттік шекараның мызғымастығын сақтауда және құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарып отыр. Шекарашылардың кәсібилігі мен қырағылығының арқасында ел тыныштығы мен тұрақтылығы нығайып, ұлттық қауіпсіздікті қорғау бағытындағы жұмыстар жоғары деңгейде жүзеге асырылуда.