ПРЕЗИДЕНТТЕР ЗИЯРАТ ЕТТІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, түркі халықтарының ортақ рухани мұрасына тағзым етті. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бұл киелі кешен ғасырлар бойы түркі жұртының тарихи жады мен мәдени сабақтастығының символы болып келеді.

 

Мемлекеттер басшылары ұлы ойшыл әрі сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына зиярат етті. Қожа Ахмет Ясауидің даналыққа толы мұрасы түркі халықтарын имандылыққа, адамгершілікке, әділдікке және өзара құрметке үндеп, олардың рухани дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналды.

 

Президенттерге XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесененің тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері таныстырылды. 35 бөлмеден тұратын бірегей ғимараттың ішкі биіктігі 39 метрді, ал сыртқы биіктігі 41 метрді құрайды. Мәртебелі меймандар қабірхананы, қазандықты, Тайқазанды және қола лауһаны аралап көріп, тарихи жәдігерлермен танысты.

 

Кесене музейіндегі экспозицияда түркі-ислам әлемінің ұлы ойшылдары мен шайырларының 45 сирек кітабы қойылған. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметі», Низамидің «Хамсасы», Әлішер Науаидің ғазалдары, Сүлеймен Бақырғанидің шығармалары, Фирдоусидің «Шахнамасы», Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүні» және «Манас» жырының үзінділері бар. Бұл мұралар түркі халықтарының әдебиеті, философиясы мен мәдениетінің ортақ арнадан бастау алатынын көрсетеді.

 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жасалған бұл зиярат түркі мемлекеттерінің тарихи тамырының ортақ екенін, ал рухани құндылықтарының біртұтас екенін айқын аңғартты. Ортақ тілдік негіз, салт-дәстүр, әдеби мұра, дін мен дүниетаным түркі халықтарын ғасырлар бойы жақындастырып келеді. Түркістандағы қасиетті кесене осы бауырлас халықтардың бірлігі мен өзара ынтымақтастығын нығайтатын рухани алтын көпір ретінде ерекше маңызға ие.