МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ВИЗИТ» ОРТАЛЫҒЫН КӨРДІ

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан қаласына сапары барысында Turkistan визит-орталығының жұмысымен танысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы бірегей тарихи-мәдени жәдігерлерді тамашалады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев кесененің рухани және тарихи мұрасымен жан-жақты танысты.

 

Мәртебелі меймандарға XIV–XV ғасырларға тиесілі сирек жәдігерлер ұсынылды. Көрмеде Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихын айғақтайтын құнды бұйымдар қойылған. Олардың қатарында XIV ғасырдан бері сақталған, сүйекпен, қаңылтырмен және алтын жалатылған жазулармен әсемделген қабірхана есігі ерекше назар аударды. Есік бетіне куфа және сулус мәнеріндегі араб жазулары қашалып түсірілген.

 

Сондай-ақ қонақтарға Әмір Темір тапсырмасымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер және айдаһар бейнесімен нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді. Көрменің айрықша сәулеттік элементтерінің бірі ретінде кесене күмбезінің ұшар басында орнатылған көне мыс кубба таныстырылды.

 

Экспозициядағы аса құнды жәдігерлердің қатарында XVIII–XIX ғасырларға жататын Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының қабіржапқышы да бар. Оның бедерлі ою-өрнектері діни символизмді, геометриялық композицияны және каллиграфиялық өнерді үйлестіре отырып, Орталық Азиядағы ислам мәдениетінің терең рухани дәстүрін паш етеді. Бұл жәдігер рухани құрмет пен тарихи сабақтастықтың айрықша белгісі ретінде бағаланады.