ТҮРКІСТАНДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы-на мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын көне шаһарда ұйымдастырылған бұл маңызды басқосуға Қасым-Жомарт Тоқаев, Режеп Тайип Ердоған, Ильхам Әлиев, Садыр Жапаров және Шавкат Мирзиёев қатысты. Саммит аясында мемлекет басшылары түркі интеграциясын тереңдету, өзара сауда айналымын ұлғайту, көлік-логистика байланыстарын дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту мәселелерін жан-жақты талқыланды.
Жиынға төрағалық еткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының күллі түркі жұрты үшін айрықша тарихи және рухани мәнге ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бауырлас елдер арасындағы сенім мен өзара қолдауға негізделген ынтымақтастықтың жаңа кезеңге қадам басқанын айтып, ортақ бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Президент түркі мемлекеттерінің инновациялық әлеуетін біріктіру мақсатында жасанды интеллект орталықтарының ортақ желісін құру жөніндегі бастаманы ұсынды. Бұл ұсыныс ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, өңірдің цифрлық даму қарқынын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Халықаралық деңгейдегі бұл айтулы іс-шараны жедел әрі жан-жақты ақпараттандыру үшін Түркістан қаласындағы Woosong University базасында заманауи талаптарға сай арнайы халықаралық баспасөз орталығы ұйымдастырылды. Аталған медиа алаңда Қазақстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де елдерден келген 300-ден астам журналист, телеоператор, фототілші және сарапшы жұмыс істеуде.
Баспасөз орталығында ақпарат өкілдерінің алаңсыз әрі тиімді еңбек етуі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Журналистерге заманауи компьютерлік техникамен жабдықталған жұмыс орындары ұсынылып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі, тікелей эфирге шығуға арналған техникалық мүмкіндіктер және жедел ақпарат алмасу жүйесі қолжетімді етілген. Сонымен қатар ресми делегациялардың іс-шаралары туралы материалдар, фотосуреттер мен бейнежазбалар тұрақты түрде таратылды.
Саммиттің халықаралық деңгейде кеңінен насихатталуы Түркі мемлекеттері ұйымының беделін арттырып қана қоймай, Түркістанның түркі әлеміндегі орны мен маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Сарапшылардың пікірінше, бұл басқосу түркі елдері арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруге серпін береді. Ал кәсіби тұрғыда ұйымдастырылған медиа орталықтың жұмысы саммиттің ашықтығын қамтамасыз етіп, қабылданған бастамалар мен маңызды шешімдердің халықаралық қоғамдастыққа кеңінен таралуына мүмкіндік жасады.
