АҚЫНЫН АРДАҚТАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ел руханияты мен ұлттық әдебиеттің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қаламгерлермен арнайы кездесіп, мазмұнды пікір алмасты. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі этнограф Қасымхан Бегманов және белгілі ақын Қалқаман Сарин қатысып, ұлттық әдебиет, руханият және Түркістанның түркі әлеміндегі тарихи миссиясы төңірегінде кеңінен ой қозғады.
Кездесу барысында облыс әкімі мәдениет пен өнер – халықтың рухани тірегі екенін ерекше атап өтіп, Түркістан өңірінде әдебиет пен мәдениетке қолдау көрсету жалғаса беретінін жеткізді. Ол зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы орны қашанда биік екенін айтып, шығармашылық адамдары ұлттың рухани дамуына жол ашатын басты тұлғалар екенін тілге тиек етті. Әкімнің қаламгерлерге деген ерекше құрметі мен ілтипаты жиын барысында анық аңғарылды. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен өңірде ауқымды жаңғыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, Түркістанның бүгінде түркі дүниесінің рухани орталығына айналып келе жатқанын ерекше мақтанышпен жеткізді.
– Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын. Түркістан – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Жуырда өткен түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның аты ерекше құрметпен аталды. Бұл – барша Алаш жұрты үшін зор мәртебе. Ғасырлар бойы ақындар мен жыраулар жырлаған көне шаһар бүгінде жаңа дәуірдің рухани астанасына айналып отыр. Сондықтан Түркістанды дәріптеу – тарихымызды, мәдениетімізді және ұлттық рухымызды ұлықтау, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында әдебиет пен мәдениет саласын дамыту, рухани іс-шаралардың ауқымын кеңейту мәселелері де қозғалды. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі әдеби форумдар мен рухани кездесулерді Түркістанда тұрақты өткізу жайы сөз болды. Қаламгерлер өңірдегі руханият саласына көрсетіліп отырған қолдауға оң бағасын беріп, облыс басшылығының зиялы қауымға деген жанашыр көзқарасын жоғары бағалады.
Өз кезегінде Мереке Құлкенов Түркістанның бүгінгі жаңарған келбеті қазақ руханияты үшін үлкен қуаныш екенін айтып, өңірдегі оң өзгерістерге ризашылығын білдірді.
– Жуырда Түркістан түркі елдері үшін маңызды саммитті жоғары деңгейде өткізді. Бұған шын мәнінде қуандық, сүйсіндік. Түркістан – ұлттың рухани тірегі. Бұл шаһарда тарихтың үні мен бабалардың ізі жатыр. Соңғы жылдары қаланың жаңарған келбеті бүкіл қазақ елінің мерейін өсірді. Мұнда руханиятқа деген ерекше жанашырлық бар екенін көріп отырмыз. Әдебиетке қолдау көрсету – ұлттың болашағына қолдау көрсету деген сөз, – деді ол.
Ал Қасымхан Бегманов қасиетті шаһарды Алаш жұртының жүрегі деп бағалап, Түркістанның қадір-қасиеті ғасырлар бойы жырланып келе жатқанын тебіреніспен жеткізді.
– Түркістан облысында бүгінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Өңірдегі жаңалықтарды тұрақты бақылап, қуанып жүреміз. Осындай игі істерді үйлестіріп отырған облыс басшылығына және ел азаматтарына алғысымды білдіремін. Түркістан туралы жырламаған ақын, толғамаған ойшыл кемде-кем. Себебі бұл мекен – рухтың мекені. Қазір бүкіл түркі дүниесі Түркістанға айрықша ықыласпен қарап отыр. Түркістан – тарихтың ғана емес, болашақтың да қаласы. Бүгінгі Түркістан – жаңарудың, жаңғырудың символы. Қаламгерлерді арнайы қабылдап, руханиятқа қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді қаламгер.
Кездесу барысында қазақ әдебиетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және тарихи мұраны дәріптеу бағытындағы бірлескен жобалар талқыланды. Сонымен бірге Түркістанның халықаралық мәдени-гуманитарлық орталық ретіндегі рөлін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жиын соңында зиялы қауым өкілдері өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, Түркістанның рухани дамуына бағытталған бастамаларға сәттілік тіледі.
