ЕЛІМІЗДІҢ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАЛАРЫ ТҮРКІСТАНДА БАС ҚОСТЫ
Түркістанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасы дәріптеу және туризмді дамытуды іске асыру, мәслихат арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатымен келелі конференция өтті. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінің мәслихат төрағалары бас қосты. «Түркістан-2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» тақырыбы талқыланды.
Мемлекет басшысы аймақтарда туризмді дамыту ел экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы туризмді дамыту арқылы өңірлердің әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына, инвестиция тартуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға болатынын айтқан. Осыған байланысты Алматы тау кластері, Маңғыстау өңірінің жағажай туризмі, Каспий жағалауы және Щучье-Бурабай курорттық аймағы секілді туристік бағыттарды кешенді түрде дамыту міндеті қойылды. Президент туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсартып, жол, әуе қатынасы, қонақүй қызметі мен сервистің сапасын халықаралық талаптарға сай дамыту қажеттігін тапсырды. Туризм саласының өркендеуі аймақтардың табысын арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық беделін көтеріп, елдің табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытады. Сонымен қатар туристік жобалар жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, өңірлердің экономикалық дербестігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Конференцияда Жетісу, Батыс Қазақстан облыстың мәслихат төрағалары өз өңірлеріндегі туристік әлеуетін таныстырды. Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы туристік әлеуетті көтеруде Түркістан облысымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Облыс әкімінің орынбасарлары өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Тарихшылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен Абай мұрасын ұлттың рухани негізін нығайтатын, ұлттық сананы жаңғыртып, жас ұрпақ тәрбиесіне бағыт беретін құндылықтар ретінде бағалады. Мемлекет басшысы Ясауи ілімі адамды имандылыққа, әділдікке, кішіпейілділік пен рухани тазалыққа тәрбиелейтінін атап өтті. Ал Абайдың тағылымы білімге ұмтылу, еңбекқорлық, парасаттылық және елге адал қызмет ету секілді асыл қасиеттерді дәріптейді. Осы рухани мұралар жастардың ұлттық тегін, тарихи санасын оятып, отаншыл әрі білімді ұрпақ қалыптастыруға зор ықпал етеді. Сондықтан Ясауи мен Абайдың тағылымын кеңінен насихаттау – елдің рухани дамуы мен ұлттық тәрбиенің маңызды негіздерінің бірі.
Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов конференцияның өткізу маңыздылығын атап өтті. Көтерілген мәселелер ескеріліп, ұсыныстар негізге алынды. Елімізде алғаш рет республикалық ұйымдастырылған деңгейдегі келелі кеңес мәслихаттар арасында ынтымақтастықты арттырып, әріптестік байланысты нығайтады.
Президент мәслихаттардың өкілеттігін кеңейтіп, қаржылық және басқарушылық рөлін күшейтуді тапсырған. Мәслихаттардың мәртебесін арттыру үшін елімізде үш рет форум өтті. Депутаттар жергілікті бюджетті тиімді бақылап, халық мүддесіне сай жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Әкімдер мен мәслихаттар бірлесіп, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу және аймақ табысын арттыру бағытында жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар депутаттардың жауапкершілігін күшейту, мәслихат төрағаларына ротация енгізу, цифрлық басқару мен жасанды интеллектіні дамыту міндеті қойылды. Президент мәслихаттарды халық пен билік арасындағы негізгі көпір әрі білікті саяси кадрлар даярлайтын маңызды мектеп ретінде бағалады. Түркістанда өткен мәслихат төрағаларының басқосуы мемлекеттік саясатты іске асырудағы басты қадамның бірі.
