«ШЕКСІЗ ӘЛЕМ»: ЕРЕКШЕ КЕШ
Түркістан қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қатысуымен «Шексіз әлем» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше балалардың шығармашылық және спорттық жетістіктерін насихаттап, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету.
Мерекелік кеш ерекше балалардың қолөнер көрмесімен басталды. Қонақтар жас шеберлердің туындыларын тамашалап, олардың шығармашылық қабілеті мен өмірге деген құштарлығына жоғары баға берді.
Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ерекше балалар мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтап, бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табыс етті.
Нұралхан Көшеров:
– Құрметті балалар! Ардақты ата-аналар! Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баланың шат күлкісі мен қуанышынан асқан бақыт жоқ. Бүгінгі кеш қайсарлығымен көпшілікке үлгі болып жүрген ерекше балаларымызға арналды. Сіздердің өмірге деген құштарлықтарыңыз, табандылықтарыңыз бен талпыныстарыңыз бізді әрдайым тәнті етеді. Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетуді әрдайым басты назарда ұстап келеді. Осы бағытта өңірімізде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балалардың сапалы білім алып, қажетті ем-дом қабылдауына, шығармашылықпен және спортпен айналысуына барлық жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Бүгінде облысымызда оңалту және «Қамқорлық» орталықтары жұмыс істеп, мыңдаған балаға қызмет көрсетуде. Инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қымбатты балалар, армандарыңыз орындалып, биік белестерді бағындыра беріңіздер, – деді.
Шара барысында облыс әкімі ерекше балалармен пікірлесіп, естелік суретке түсіп, олардың өнердегі және өмірдегі қадамдарына сәттілік тіледі.
Концерттік бағдарламада өнерлі әрі қайсар балалар ән шырқап, би билеп, өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар даун синдромы бар балалардың қатысуымен өткен сән көрсетілімі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің ерекше сәттерінің біріне айналды.
