ҚҰРМЕТТІ ҚАЙРАТКЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ардагер ұстаз, білім саласының ардақты қайраткері Жарқынбек Құлбайымбетовті қабылдады.

Кездесу барысында өңірдегі білім беру саласының дамуы, өскелең ұрпақ тәрбиесі және ардагерлер институтының қоғамдағы орны мен рөлі жөнінде пікір алмасылды. Мәслихат төрағасы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге және білім беру жүйесін дамытуға арнаған Жарқынбек Құлбайымбетовтің ел игілігі жолындағы еселі еңбегіне жоғары баға берді.

Жарқынбек Құлбайымбетов 1941 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын физика-математика пәнінің мұғалімі ретінде бастап, кейін білім беру саласындағы түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Түркістан қалалық білім бөлімінде басшылық қызметтерде болып, өңірдің білім жүйесінің дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты.

Бүгінде қалалық Ардагерлер кеңесін басқарып жүрген ардагер ұстаздың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы кейінгі буынға үлгі болып келеді.

Қабылдау соңында Нұралы Әбішов Жарқынбек Құлбайымбетовті 85 жас мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және қоғамдық қызметіне телегей табыс тіледі.