ЖАСАНДЫ ЖАҢБЫРДЫҢ ЖАЗЫҒЫ ЖОҚ

Түркістан облысында соңғы күндері байқалған жауын-шашынды ауа райының «Жасанды жаңбыр» жобасына ешқандай қатысы жоқ. «Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, өңірдегі жауын-шашын табиғи атмосфералық процестер мен циклондардың әсерінен қалыптасқан.

Ал «Жасанды жаңбыр» жобасы Мемлекет басшысының жаңа технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің бастамасымен қолға алынған. Бұл технология құм көшуінің алдын алуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ирригациялық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобаны пилоттық негізде жүзеге асыру үшін Түркістан облысы таңдалды. Өйткені өңірде соңғы жылдары құрғақшылық жиілеп, су тапшылығы артып, шөлейттену қаупі күшейген. Осыған байланысты жасанды жаңбыр технологиясы арқылы шөлейтті аймақтардағы құм көшкіндерінің алдын алу, суармалы егіншілікке қажетті су ресурстарын тиімді пайдалану және Жетікөл (Шошқакөл) көлдер жүйесінің экологиялық тепе-теңдігін сақтау көзделіп отыр.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, 17 мамырдан бүгінге дейін барлығы төрт әуе ұшуы жүзеге асырылған. Оның аясында Созақ ауданындағы Жуантөбе–Тасты аумағындағы үш нүктеге және Қызылқұм даласы бағытына арнайы реагенттер шашылған. Климаттық және атмосфералық факторларға тәуелді бұл жұмыстар тәжірибелік сипатта жүргізіліп, алдағы уақытта да жалғасады.

Мамандардың мәліметінше, реагенттердің бұлтқа әсер ету аумағының диаметрі небәрі 5 шақырымға дейін жетеді. Сондықтан Оңтүстік өңірде жауған жауын-шашынның аталған жобаға қатысы жоқ. Тәжірибелік жұмыстардың негізгі мақсаты – атмосфералық ылғалдылықты арттыру, жердің ылғал балансын тұрақтандыру, құм көшу процесін бәсеңдету және экологиялық жағдайды жақсарту.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері тұрақты бақылауға алынып, метеорологиялық көрсеткіштерге жан-жақты талдау жасалуда.

 

Жоба аясында мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Барлық жұмыстар Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандары тарапынан тәжірибе алмасу және ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастықты дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Жоба халықаралық әріптестік және достық қарым-қатынас аясында ұйымдастырылған. Оның барлық шығындары Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан қаржыландырылуда.