КӘСІПКЕРЛІКТЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Кентау қаласында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, Кентау қаласы мен Сауран ауданы кәсіпкерлерінің өзекті мәселелері талқыланды. Облыстық мәслихат Төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлерді қабылдады.
Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, мемлекеттік қолдау шаралары мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Кездесу аясында Кентау қаласы мен Сауран ауданынан келген кәсіпкерлер өндірістік инфрақұрылым, жер қатынастары, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану, инженерлік желілерге қосылу және кәсіпкерлік қызметті жүргізу барысында туындайтын өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе жан-жақты қаралып, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қолданыстағы заңнама аясында түсіндірмелер берді. Сонымен қатар мәселелерді шешудің нақты тетіктері мен жолдары талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан көтерілген барлық сұрақтар мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы жеке бақылауға алынды.
Отырысты қорытындылай келе, бизнестің дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді шешу, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.
Қабылдаудан кейін Өңірлік кеңес мүшелері бірқатар өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, темір конструкцияларын өндіретін «Айдар строй групп», оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» және жиһаз өндірумен айналысатын «Divalux» кәсіпорындарына барып, олардың өндірістік әлеуеті, жүзеге асырып жатқан жобалары мен алдағы даму жоспарлары зерделенді.
Кәсіпорын басшыларымен өндірісті кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім көлемін арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасу жүргізілді.
