ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫ БІР БАНК ҒИМАРАТЫ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ForteBank» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Қуанышевпен және банктің Түркістан қаласындағы филиалының директоры Зәмзагүл Азатовамен кездесті. Басқосу барысында өңірдегі қаржылық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ Түркістан қаласында банктің жаңа заманауи ғимаратын салу мәселелері талқыланды.

Кездесуде облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның бүгінде түркі әлемінің рухани әрі мәдени орталығы ғана емес, қарқынды дамып келе жатқан іскерлік және инвестициялық хабқа айналып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты өңір басшысы инвесторлардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Нұралхан Көшеров: 

Қазіргі таңда Түркістан қаласында іскерлік белсенділік артып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Сондықтан тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қаржылық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру аса маңызды. Біз өңір экономикасына инвестиция тартып, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға ниетті кәсіпкерлердің бастамаларын қолдаймыз. Жаңа ғимарат қаланың сәулеттік келбетіне үйлесіп, тұрғындар мен кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсететін қолайлы орталыққа айналады деп сенеміз, – деді.

Жобаға сәйкес жаңа нысан 2 немесе 3 қабатты кешен ретінде салынбақ. Ғимарат аумағында келушілер мен банк клиенттеріне арналған кең автотұрақ қарастырылған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қаржылық қызметтерді ыңғайлы пайдалануына мүмкіндік береді.

Өз кезегінде банк басшылығы құрылыс жұмыстарын жақын арада бастауға толық дайын екенін мәлімдеді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі шамамен 7-8 айды құрайды. Сонымен қатар банк өкілдері алдағы уақытта облыстың өзге де аудандарында филиалдар ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында «ForteBank» басшылығы өңір басшылығына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, жаңа ғимарат құрылысының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталатынын атап өтті. Сондай-ақ банк қызметінің сапасын арттыру және клиенттерге ұсынылатын қызмет түрлерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Жаңа филиалдың ашылуы өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады. Сонымен қатар тұрғындарға ұсынылатын цифрлық және банктік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, Түркістан облысының қаржы секторын дамытуға тың серпін береді.