АППАРАТ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Президент Әкімшілігінің келісіміне сәйкес және Түркістан облысы әкімінің өкімімен Файзулла Байдуллаев Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.
Жаңа аппарат басшысын таныстырған облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алдағы жоспарлар мен басым міндеттерге тоқталып, жауапты қызметке кіріскен азаматқа нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ жаңа қызметіне табыс тілеп, өңірдің дамуына бағытталған жұмыстарды сапалы атқаруға сенім білдірді.
Өз кезегінде Файзулла Байдуллаев көрсетілген сенім үшін алғыс айтып, Түркістан облысының өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Ол мемлекеттік қызметте жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби білімін ел игілігіне бағыттап, жүктелген міндеттерді сапалы орындауға күш салатынын атап өтті.
Файзулла Байдуллаев 1985 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Экономист» мамандығы бойынша, ал Шымкент университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2005 жылы банк саласында сектор маманы ретінде бастап, кейін жетекші маман, бас маман және түрлі басшылық қызметтерде еңбек етті.
2016–2019 жылдары «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары қызметін атқарды.
2019–2022 жылдары аталған мекеменің Түркістан облыстық филиалының директоры болды.
2022–2025 жылдары «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы лауазымында қызмет етті.
Ал 2025 жылдан бастап осы уақытқа дейін Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарған.
