ҮШ АУДАНДА РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ АШЫЛҒАН
Түркістан қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты ұйымдастырылды. Маңызды мерекелік іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғам қайраткерлері, спортшылар, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтеріліп, қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады. Бұл тағылымды сәт ел бірлігі мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген облыс әкімі тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, оның тарихи және тағылымдық мәніне тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– 4 маусым – Тәуелсіз Қазақстанның айбынын айқындайтын, мемлекетіміздің егемендігі мен елдік келбетін әлемге паш ететін айрықша күн. 1992 жылы дәл осы күні еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми түрде бекітіліп, тәуелсіз мемлекет тарихының жаңа кезеңі басталды. Тәуелсіз елі, қасиетті Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бар біз – бақытты халықпыз. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, еліміздің мерейі асқақтай берсін. Ел бірлігі нығайып, Қазақстанымыздың өркендеуі жалғаса берсін. Мемлекеттік Ту – бейбітшілік пен еркіндіктің белгісі, Елтаңба – ел тұтастығының символы, ал Әнұран – халқымыздың асқақ рухын танытатын құндылық. Бүгінде Қазақстанның Көк Туы халықаралық жарыстар мен Олимпиада ареналарында биіктен көрініп келеді. Бұл – тәуелсіз еліміздің абыройы мен беделінің айқын дәлелі. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің, ұлттық бірегейліктің және рухани тұтастықтың басты нышандары. Оларды құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті парызы, – деді.
Мерекелік бағдарлама аясында патриоттық әндер орындалып, көпшілік көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Түркістан облысында жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған жобалар мен бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл Мақтаарал, Ордабасы және Сауран аудандарында жаңа Рәміздер алаңдары пайдалануға беріліп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды.
