794 ЕЛДІ МЕКЕННІҢ БАС ЖОСПАРЫ ӘЗІРЛЕНГЕН

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен аудан және қала аумақтарының бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының іске асырылу барысы қаралған мәжіліс өтті. Басқосуда өңірдің сәулет және қала құрылысы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, жауапты сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктелді.

Өңір аумақтарын кешенді дамыту мақсатында 2023–2024 жылдары «Түркістан облысы аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы» әзірленді. Қазіргі уақытта аталған құжат мемлекеттік сараптама қарауынан өтуде.

Бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 794-і бас жоспарлармен қамтылған. Қалған 7 елді мекен бойынша бас жоспарлар бекітілген жол картасына сәйкес дайындалу үстінде.

Жиын барысында Түркістан қаласының жаңадан бекітілген Бас жоспарының негізгі бағыттары таныстырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен бекітілген құжатқа сәйкес, қала аумағы 22,3 мың гектарды құрайды. Болжам бойынша 2044 жылға қарай Түркістан қаласының халқы 400 мың адамға жетеді. Сонымен қатар тұрғын үй қоры кеңейтіліп, көпқабатты тұрғын үйлер салынатын аумақтар ұлғаяды. Туристер санын жылына 5 миллион адамға дейін жеткізу, өндірістік аймақтардың көлемін арттыру және өңір экономикасының көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

Облыста 2025–2029 жылдарға арналған жол картасы аясында 387 елді мекеннің бас жоспарларын әзірлеу және түзету жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы 106, 2026 жылы 81, 2027 жылы 76, 2028 жылы 65 және 2029 жылы 59 елді мекеннің бас жоспарларына өзгерістер енгізу қарастырылған.

Мәжілісте облыс аумағындағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының орындалу деңгейі де сараланды. Қазіргі таңда 7 қала мен халқы 5 мыңнан асатын елді мекендер 58 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған.

Жиын қорытындысы бойынша Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне жол картасында көзделген барлық іс-шараларды белгіленген мерзімде аяқтауды, бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын сапалы әзірлеуді, сондай-ақ цифрландыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар жүктелген міндеттердің орындалуына жоғары жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтіп, жұмысты негізсіз созған лауазымды тұлғаларға тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.