ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУҒА ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ДА ҮЛЕС ҚОСТЫ
Жыл сайын 5 маусымда әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтеді. Осы атаулы күнге орай Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, экологияны қорғау мен табиғатты аялау бағытындағы жұмыстар кеңінен насихатталды.
Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
Нұрбол Тұрашбеков:
– Баршаңызды 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Табиғат – ата-бабадан қалған баға жетпес мұра әрі келешек ұрпаққа аманат болатын асыл қазына. Оны сақтау, қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – әр азаматтың ортақ борышы. Халқымыздың «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген даналық сөздері табиғатқа деген ерекше жанашырлықтың көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бұл уақытша науқан емес, қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс игі бастама. Бүгінде облыс тұрғындарымен бірлесе отырып, өңірдің тазалығын қамтамасыз етуге және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған көптеген жұмыстар атқарылуда. Осындай ортақ күш-жігердің нәтижесінде өңірдегі экологиялық ахуал жақсарып, қоршаған ортаға деген жауапкершілік артып келеді. Облысымыздың дамуы мен өркендеуі жолындағы игі істер жалғаса берсін, – деді.
Іс-шара барысында табиғатты қорғау ісіне белсенді үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға марапаттар табысталып, құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те құттықтау сөз сөйлеп, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік бағдарлама аясында жергілікті өнерпаздар концерт қойып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар саябақ аумағында әктеу, сырлау және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылы Стокгольм қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі конференциясының қорытындысы бойынша бекітілген. Осылайша 5 маусым халықаралық экологиялық күн ретінде белгіленіп, 1973 жылдан бастап әлемнің көптеген елдерінде тұрақты түрде аталып келеді. Бұл күннің басты мақсаты – қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударып, табиғатты қорғау бағытындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Түркістан облысы бұл бастамаларды алғашқы күннен бастап қолдап, жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Жалпы өңірдің барлық аудан-қалаларында ауқымды экологиялық акциялар мен тазалық шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, жуырда өткен Тазалық марафонына 19 мыңнан астам тұрғын мен ерікті қатысып, 6 295 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 490 гектар аумақ абаттандырылып, 246 тонна қоқыс шығарылды.
