ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 22 НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Түркістан облысында елді мекендерді, қалалар мен аудандарды әлеуметтік маңызы бар нысандармен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл өңірде 93 нысанның құрылысына бюджеттен 77,3 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша 58 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қазіргі таңда олардың 7-еуі халық игілігіне тапсырылды.
Құрылыс саласындағы жұмыстардың орындалу барысы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы, тұрғын үй қорын ұлғайту және инженерлік желілерді дамыту мәселелері облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.
Нұралхан Көшеров:
– Әрбір нысан сапалы әрі уақтылы тапсырылуы керек. Құзырлы мекемелер, жауапты басшылар құрылысты басталған сәттен бастап қадағаласын. Халықтың салығы есебінен жасалып жатқан жұмыс талапқа сай болуы қажет. Егер бекітілген жоспарға сай жұмыс атқармаса және ғимаратты сапасыз салса, мердігермен келісімшартты үзіңіздер. Құрылыс материалының сапасы, жұмысшы саны, нысанның мерзімінде тапсырылуы қатаң бақылауда болатын болсын, – деді.
Анықталған кемшіліктер бойынша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырылды. Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Турханов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерді таныстырды.
Облыста қазіргі уақытта 13 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 9 мектептің құрылысына 8,6 млрд теңге бөлінген. Бүгінде Ордабасы ауданындағы үш мектеп пайдалануға берілсе, қалған алты мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Созақ ауданындағы №1 колледждің жатақханасы мен Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында салынып жатқан жаңа буын өкілдерін дамыту орталықтарының құрылысы жалғасуда.
Денсаулық сақтау саласында төрт нысанның құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының қаржыландыруымен салынып жатқан 80 орындық перзентхананың құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.
Мәдениет саласында 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге қаралған. Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы Жылы су ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, сондай-ақ Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін өңірдің бірнеше ауданында мәдениет үйлері, кітапханалар және мұражайлар халық игілігіне ұсынылады.
Спорт саласында 10 нысанның құрылысы қолға алынған. Бүгінде Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы спорт кешені пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы бес спорт нысанын ел игілігіне беру жоспарланған. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынып жатқан ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі Бәйдібек ауданында пайдалануға берілсе, Келес ауданындағы нысанды шілде айында пайдалануға беру көзделген.
Тұрғын үй құрылысы саласы да тұрақты бақылауда тұр. Биыл облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 1 млн 250 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бес айдың қорытындысы бойынша 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 115,6 пайызды құрады. Сонымен қатар кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы мен сатып алу жұмыстары жалғасуда.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында 47 нысанды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жыл соңына дейін 22 нысанды пайдалануға беру көзделсе, қалған жобалар өтпелі ретінде келесі кезеңде жалғасатын болады.
