«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ ЕСЕБІНЕН АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс режимінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты. Басқосуда «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» қайырымдылық жобасы талқыланып, ұсыныс кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бану Нұрғазиева мен қордың басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаева бастаманың өзектілігіне тоқталып, оның сапалы әрі нәтижелі іске асырылуы маңызды екенін атап өтті.

Өңір жетекшісі аталған жобаның Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызы зор екенін жеткізді.

Нұралхан Көшеров: 

– Ең алдымен, бүгінгі кездесуге шақырғандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының әлеуметтік салаларды өркендетуге бағытталған әрбір жобасының мәні айрықша. Бұл қор алғашқы күннен бастап еліміздегі жанашырлықтың, қайырымдылықтың және берік бірліктің айқын көрінісіне айналды. «Қазақстан халқына» қоры Түркістан өңірінің тұрғындарына нақты көмек көрсетіп келеді. Түркістан облысы – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан, балалар үлесі ең жоғары стратегиялық аймақтардың бірі. 2022 жылдан бері өңірде жалпы көлемі 12 млрд теңгеден асатын қайырымдылық бастамалары жүзеге асырылды. Оның ішінде білім беру саласына – 5,3 млрд теңге, денсаулық сақтау бағытына – 5,2 млрд теңге, әлеуметтік қолдау шараларына – 547 млн теңге, спорт пен мәдениет салаларына 994 млн теңге көлемінде қаржы бағытталды. Білім беру саласында 5 ірі жоба табысты іске асырылды. Атап айтқанда, ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін күшейту, арнайы білім беру ұйымдарын қажетті құрал-жабдықтармен қамту, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының білім гранттарын ұсыну жұмыстары жүргізілді. Біз қордың қолдауын жоғары бағалаймыз. Өйткені бұл – мыңдаған түркістандық баланың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына жол ашатын маңызды инвестиция. Бүгін қаралып отырған «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасының маңызы біз үшін ерекше. Себебі облыстағы 1106 мектептің 82 пайызы, яғни 906 білім ұясы ауылдық жерде орналасқан. Халықаралық PISA зерттеулерінің нәтижелері ауыл және қала мектептері арасында, әсіресе жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша елеулі айырмашылық бар екенін көрсетіп отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осы алшақтықты азайту мақсатында қор тарапынан облыстағы 100 ауыл мектебін заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықтауға 5,1 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қордан бөлінген әрбір қаражаттың тиімді игерілуі және ауыл мектептеріндегі білім сапасының артуы әкімдіктің тұрақты бақылауында болады. Бұл жоба – Түркістан облысының келешегі үшін аса маңызды қадам. Сіздердің оң шешімдеріңіз өңірдің білім беру саласына тың серпін беріп, мыңдаған оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік жасайды, – деді Нұралхан Көшеров.

 

Отырыста аталған бастаманың ауылдық мектептердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға, білім сапасын жақсартуға және оқушылардың жаратылыстану пәндерін тереңірек меңгеруіне жағдай жасайтыны айтылды. Қамқоршылық кеңесінің мүшелері жобаны бірауыздан қолдап, оның өңірдегі білім беру жүйесін жетілдіруге және ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы айырмашылығын қысқартуға оң әсер ететініне сенім білдірді.

 

Түркістан облысының әкімдігі де жобаның табысты жүзеге асуына қажетті қолдау шараларын бастап кетті. Облыстық бюджеттен 100 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге және 4600 педагог пен білім беру ұйымдарының басшыларын оқытуға тиісті қаражат бөлінді. Сонымен қатар «Білім-Инновация» халықаралық қорымен бірлесіп, алдағы үш жыл бойы мұғалімдерге жүйелі менторлық қолдау көрсетіледі.