МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.

Нұралхан Көшеров: 

Сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халыққа адал қызмет ету – абыройлы және маңызды міндет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек» деп атап өткен болатын. Сондықтан Отан алдындағы антымызға адал болып, ел сенімін ақтау – әрқайсымызға жүктелген үлкен сенім мен жауапкершілік. Қадірлі әріптестер! Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 8 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақыт ішінде сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Түркістан облысы қарқынды дамыды. Өңірімізде 134 денсаулық сақтау нысаны, 443 спорт нысаны, 185 мектеп салынды. Халықаралық талапқа сай спорт, мәдениет және туризм нысандары бой көтерді. Бүгінде осы нысандарда әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жуырда ғана облыс орталығында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Бес елдің Президенті арнайы келіп, тарихи шаһарымыз халықаралық деңгейде танылды. Түркістан әлем назарында болды. Президент бастамасымен ерекше мәртебеге ие болған Түркістан 8 жылда адам танымастай өзгерді. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 3 есеге артып, 5 триллион теңгеге жетті. Облыс халқының саны 9 пайызға өсіп, 2,1 миллион адамнан асты. Ал Түркістан қаласының халқы 165 мыңнан 242 мыңға жетіп, 40 пайызға көбейді. Облысымыз әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, өңіріміз республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің күндіз-түні атқарған жұмысы мен маңдай терінің жемісі. Осы адал еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды айтамын. Біз осы бағыттағы қарқынды әрі нәтижелі жұмыстарды жалғастыра беруіміз қажет. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзі бар. Сондықтан ел мүддесі жолында табандылық танытып, сенімді ақтауға міндеттіміз. Әрдайым халық үшін адал қызмет ете беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз әрдайым ашық болсын! – деді.

Мерекелік жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Облыс әкімі бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады. Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов өз саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттады.

Салтанатты шара барысында Түркістан облысының өнер ұжымдары мен мәдениет өкілдері концерттік бағдарлама ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, бүгінде облыс аумағындағы 520 мекемеде 6 327 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Оның 3 618-і жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқарады. Өткен жылы меритократия қағидаты негізінде 262 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға көтерілді. Бұл – кәсіби білімнің, жинақталған тәжірибенің және тынымсыз еңбектің нәтижесі. Мемлекет басшысының саяси реформалары аясында мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа буын көшбасшылары келді. 2021 жылдан бері өңірде 272 ауыл әкімі тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайланды. Сондай-ақ өңірлік кадрлық резервке 32 дарынды жас қабылданып, олардың 19-ы бүгінде жауапты қызметтерге тағайындалды.