ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ПАРЛАМЕНТТІҢ ТАРИХИ МИССИЯСЫ АЯҚТАЛЫП, ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде бұл жиынның Қазақстан тарихындағы айрықша тарихи маңызға ие екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Парламенттің кезекті сессасының аяқталуы – Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірдің қорытындыланып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңіне қадам басуының белгісі.

Ертеңнен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Соған сәйкес мемлекеттік билік жүйесі түбегейлі жаңарып, қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жұмысын бастайды. Мемлекет басшысы бұл өзгерістер Қазақстандағы тарихи сабақтастықтың айқын көрінісі екенін айтты.

Президент осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған тұңғыш кәсіби Парламенттің ел тәуелсіздігін нығайтуда, құқықтық мемлекетті қалыптастыруда және нарықтық экономиканы орнықтыруда шешуші рөл атқарғанын ерекше атап өтті. Осы уақыт ішінде Парламент шамамен 3,5 мың заң қабылдап, олардың әрбір оныншысына депутаттардың өздері бастамашы болған. Заң шығару ісінің бастауында тұрған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбегі ел тарихында өшпес із қалдырғаны айтылды.

Президенттің бағалауынша, Парламент әрдайым уақыт талабына бейімделіп, қоғам сұранысына жауап бере алған жасампаз институт болды. Ол кәсіби мамандарды бір мақсатқа жұмылдырып, Қазақстанда сапалы парламенттік мәдениетті қалыптастырды. Бұл – еліміздің дамыған мемлекет ретінде қалыптасуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Мемлекет басшысы барлық шақырылым депутаттарына ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, Тәуелсіз Қазақстанға адал қызмет еткені үшін алғыс білдірді. Әсіресе қазіргі сегізінші шақырылым депутаттарына жоғары баға беріп, оларды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамдардың бірі деп атады. Президенттің айтуынша, дәл осы депутаттар мемлекеттің тағдырын айқындаған аса күрделі кезеңде қызмет атқарып, елдегі ауқымды реформалардың бастауында тұрды.

Соңғы үш жылдың өзінде Парламент 300-ден астам маңызды заңды, оның ішінде тарихи маңызы бар конституциялық заңдар мен кодекстерді қабылдады. Депутаттар елді түбегейлі жаңғырту жолында батыл реформаларды іске асырып, жауапты кезеңде мемлекет мүддесі үшін қажырлы еңбек етті. Президент олардың еңбегі Қазақстан жылнамасында ерекше орын алатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны әзірлеу мен қабылдауда депутаттардың айрықша рөл атқарғанына тоқталды. Оның айтуынша, кез келген депутат кейінгі ұрпаққа: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатыстым» деп мақтанышпен айта алады. Депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдап, Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеп, халықпен кездесулер өткізіп, реформалардың мәнін кеңінен түсіндірді.

Референдумнан кейін Парламент өте қысқа мерзім ішінде заңнаманы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріп, 9 заң топтамасын, оның ішінде 6 конституциялық заңды қабылдады.

Президенттің айтуынша, осының нәтижесінде мемлекеттік биліктің жаңа формуласы – «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» толыққанды институционалдық мазмұнға ие болды.

Жаңартылған басқару жүйесінде Президент бұрынғыдай Тәуелсіздік пен мемлекеттің тұтастығының символы, Конституцияның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып қала береді. Қазақстан президенттік республика мәртебесін сақтайды. Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындап, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде барлық құқық қорғау органдары басшыларын тағайындауды жалғастырады.

Сонымен бірге Құрылтай заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдермен жұмыс істейді. Оның алдында артық бюрократиялық кедергілерді жою, заң жобаларын жедел әзірлеу, кәсіби сарапшылар мен консультанттардың әлеуетін тиімді пайдалану міндеті тұр. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ұлттық заңнаманы өзгермелі цифрлық ортаға жедел бейімдеу негізгі басымдықтардың бірі болады.

Президент Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторына айналуы тиіс екенін айтты. Осы мақсатта толыққанды e-Parliament жүйесі енгізіліп, заң шығару барысында болжамды талдау, Үлкен деректерді пайдалану арқылы экономикалық және әлеуметтік тәуекелдерді алдын ала модельдеу кеңінен қолданылуы қажет. Сондай-ақ маңызды заң жобалары сарапшылармен, азаматтық қоғам өкілдерімен және қоғам белсенділерімен цифрлық платформалар арқылы ашық талқылануға тиіс. Құрылтай жалпыұлттық ашық диалог алаңы ретінде азаматтардың өтініштері негізінде нақты нормативтік-құқықтық шешімдер қабылдайтын институтқа айналуы керек.

Президент сегізінші шақырылым депутаттарының заң шығару қызметіндегі белсенділігіне де тоқталды. Олар Үкіметке 2 мыңнан астам депутаттық сауал жолдап, 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізді. Қос палатаның комитеттері де нәтижелі жұмыс атқарды. Жаңа Құрылтай жүйесінде комитеттер мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына сәйкес қайта құрылатын болады.

Мемлекет басшысы депутаттардың халықпен тиімді байланыс орнатқанын ерекше атап өтті. Олар партиялық жобаларды іске асырып, өңірлерге тұрақты түрде барып, азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдап отырды. Сонымен қатар Парламент ғалымдарды, сарапшыларды және қоғам белсенділерін біріктірген интеллектуалдық орталыққа айналды. Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата заң жобаларын жан-жақты талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болды.

Президент жаңа Конституцияның күшіне енуін ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға деп бағалап, осыған байланысты Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Бұл саяси науқан партиялар арасындағы бәсекені күшейтіп, ашық, әділ әрі адал сайлау өткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы азаматтарды ел тағдыры үшін жауапкершілік танытып, алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Сөз соңында Президент «AMANAT» партиясының фракциясы мен барлық мүшелеріне белсенді әрі жасампаз ұстанымы үшін алғыс айтып, партияның жуырдағы съезінде қабылданған «ӘДІЛЕТ» партиясымен бірігу туралы стратегиялық шешімді қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, барлық жасампаз саяси күштердің бірігуі еліміздегі реформаларға тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның басты мақсаты – жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ететін өркениетті, озық мемлекет құру. Ол қазақстандықтарды бірлікке шақырып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды бірге қалыптастыруға үндеді.