ТҮРКІСТАНДА ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛЕДІ: ӨҢІРЛІК ШТАБ НАҚТЫ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыстық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы өтті. Басқосуда есірткі қылмыстарының алдын алу, мемлекеттік шекара арқылы есірткі мен химиялық заттардың заңсыз тасымалына тосқауыл қою, сондай-ақ синтетикалық есірткілерге жүргізілетін сот сараптамаларының сапасы мен жеделдігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға құқық қорғау және арнайы органдардың, облыстық басқармалар мен жауапты мекемелердің жетекшілері қатысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров есірткі қылмысына қарсы күрес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бұл саладағы жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін жеткізді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Мұхтар Даулетов, Мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Ерлан Тұрысов және Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшин баяндама жасады.

Мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері мемлекеттік шекара арқылы есірткі тасымалдаудың 30 әрекетінің жолы кесіліп, түрлі есірткі заттары тәркіленген. Бұдан бөлек, күмән тудыратын көлік құралдары мен жүктерді тереңдетіп тексеру тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттік органдар арасындағы өзара ықпалдастық нығайтылған.

Облыстық полиция департаментінің дерегіне сәйкес, биыл есірткінің заңсыз айналымына қатысты 155 құқықбұзушылық анықталған. Интернет кеңістігінде синтетикалық есірткіні жарнамалау деректерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Жыл басынан бері «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 537 интернет-ресурс бұғатталған.

 

Нашақорлықтың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл өңірдегі мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және елді мекендерде 93 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 883 профилактикалық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар 60 рейд ұйымдастырылып, қоғамдық орындарда есірткіні насихаттайтын 225 граффити жойылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының директоры Шохан Тасыбаев баяндама жасап, синтетикалық есірткілердің таралуына байланысты сараптамалық әлеуетті арттыру бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров жауапты мемлекеттік органдарға есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуді, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруді және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.