ҚОНЫС ТОЙЛАУШЫЛАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ
Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Осы орайда кезекті пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтіп, тағы 30 отбасы жаңа қоныстың иесі атанды.
Салтанатты шара «Көрме» орталығында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен ұйымдастырылды. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында өз иелеріне табысталды.
Жаңа тұрғын үйлер қаланың қарқынды дамып келе жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан. Баспаналар көпбалалы және толық емес отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлеріне берілді.
Айта кету керек, Шымкент қаласында тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бұл жұмыстар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және баспанаға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
