ГҮЛ ОРТАЛЫҒЫ МЕН КЕШЕНІН САЛУ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында өңірде «Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығының құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қаралды. Аталған жоба облыстың көгалдандыру әлеуетін арттыруға, гүл шаруашылығы мен сәндік өсімдіктер өндірісін дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Келіссөз барысында жобаның техникалық және қаржылық тетіктері, құрылыс жұмыстарының кезеңдері, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ өндірілетін өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға шығару мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен бірге инвестициялық бастаманы жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік қолдау шаралары мен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Сіздерді Түркістан өңірінде қарсы алғаныма қуаныштымын! Өздеріңізбен 10 маусымда Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарымыз аясында Ухань қаласында кездесу өткізіп, жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылаған болатынбыз. Бүгінгі кездесу – сол бастаманы нақты іске асыру бағытындағы маңызды қадам. «Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығының құрылысы» инвестициялық жобасы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып қана қоймай, агроөнеркәсіптік секторды дамытуға, сауда-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге және жаңа жұмыс орындарын құруға үлкен үлес қосады деп сенемін, – деді.
Өз кезегінде компания өкілдері Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді. Олардың айтуынша, кешенде гүлдер мен декоративті ағаштардың әртүрлі сұрыптары өсіріліп, заманауи агротехнологиялар және автоматтандырылған басқару жүйелері енгізіледі. Бұл өнім сапасын арттырып, жыл бойы үздіксіз өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба аясында гүл өсіріліп қана қоймай, оларды саудалау жолға қойылып, кешеннің туристік орталықтардың біріне айналуы көзделіп отыр.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық жобаны тиімді жүзеге асыру бағытындағы өзара ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаласты.
