КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРДАҒЫ САНИТАРИЯЛЫҚ ТӘРТІП КҮШЕЙТІЛУДЕ

Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік нысандарының аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыру бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жалғасуда.

Аудан көлемінде санитариялық талаптардың орындалуын түсіндіру, әдістемелік нұсқама беру және зерделеу мақсатында аудан әкімінің өкімімен құрылған арнайы жұмысшы топ кәсіпкерлік нысандарды аралап, санитариялық нормаларды сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, аумақтарды көркейту және абаттандыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Кезекті рейдтік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, Мырзакент және Атакент кенттерінің әкімдері, аудандық полиция бөлімінің, төтенше жағдайлар саласының, сондай-ақ өзге де жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Жұмысшы топ аудан аумағындағы сауда орындарын, қоғамдық тамақтану нысандарын, қызмет көрсету орталықтарын және өзге де кәсіпкерлік субъектілерін аралап, кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды қатаң сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар нысандардың қасбеттерін ретке келтіру, сыртқы келбетін жаңарту, іргелес аумақтарды тұрақты түрде тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, заңсыз жарнамалар мен артық заттарды алып тастау, қоршаулар мен кіреберістерді белгіленген талаптарға сай ұстау жөнінде нақты ұсынымдар берілді.

Рейд барысында жұмысшы топ мүшелері тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау әрбір тұрғын мен кәсіпкердің ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ елді мекендердің көркі мен тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруда кәсіпкерлердің жауапкершілігі айрықша екені айтылып, барлық кәсіп иелері ауданның тазалығы мен эстетикалық келбетіне өз үлестерін қосуға шақырылды.

Кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды сақтамаған жағдайда көзделген жауапкершілік түсіндіріліп, қолданыстағы заңнама талаптарын орындаудың маңыздылығы ескертілді. Сонымен бірге жұмысшы топ өкілдері анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жою бойынша нақты ұсынымдар беріп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы мұндай түсіндіру және зерделеу жұмыстары ауданның барлық елді мекендерінде кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Негізгі мақсат – санитариялық тазалық мәдениетін орнықтыру, елді мекендердің келбетін жақсарту және тұрғындар үшін таза, қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.