ҚОҚЫС ТАСТАҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ ЕСКЕРТІЛДІ

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың тапсырмасына сәйкес аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, ауылдық округтерде және халықаралық маңызы бар «Шымкент – Ташкент» автожолының бойында аумақтарды тазалау, шөп шабу және айналаны ретке келтіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар аудан тұрғындары арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытында ауылдық округ әкімдері аппараттарының мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары кәсіпкерлік нысандарының иелерімен кездесулер өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесулер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының негізгі мақсаты мен маңызы жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерге өздеріне тиесілі аумақтарды таза ұстап, санитарлық талаптарды сақтауға жауапкершілікпен қарау қажеттігі айтылды.

Түсіндіру шаралары барысында кәсіпкерлерге ең алдымен ескерту жасалып, қолданыстағы талаптар жан-жақты түсіндірілетіні жеткізілді. Сонымен бірге кәсіпкерлік нысандарының айналасында қоқыс қалдықтарының жиналуына жол берілген немесе аумақтың талапқа сай күтіп ұсталмауы анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделетіні ескертілді.

Сондай-ақ тазалықты сақтау тек кәсіпкерлердің ғана емес, ауданның әрбір тұрғынының азаматтық міндеті екені ерекше атап өтілді. Тұрғындардың үй іргесіндегі аумақты таза ұстауы, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығаруы және үй маңында өсіп кеткен шөптерді уақытылы шабуы – баршаға ортақ жауапкершілік екені түсіндірілді.

1 шілдеден бастап қолданыстағы талаптарға сәйкес үй маңында жиналған қоқыс пен уақытылы орылмаған шөп үшін 130 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған азаматтарға алғаш рет 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынса, құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 43 250 теңгеге дейін ұлғайтылады.