МЕКТЕПТЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ МЕН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОҒАРЫ ҚАРҚЫНМЕН ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім беру нысандарының құрылысы, мектептерді жаңғырту, жазғы жөндеу науқаны және саладағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті.

Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі білім беру ұйымдарының қазіргі ахуалы, реновация бағдарламасының іске асырылу барысы, жөндеу жұмыстарының орындалуы және алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер жөнінде баяндама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатқан мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында Түркістан облысында жалпы 115 мектепті жаңғырту көзделген. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, ал 2027 жылы 36 білім беру ұйымы қамтылады.

2025 жылға жоспарланған 41 мектептің 26-сында жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қалған 15 мектепте күрделі жөндеу жалғасып жатыр және оларды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары мен инженерлік жүйелерді жаңарту толық аяқталып, сыртқы әрлеу және абаттандыру жұмыстарының орындалуы орта есеппен 50–60 пайызға жеткен.

Биыл реновация бағдарламасы аясында 38 мектепте жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде 32 мектепте ағымдағы жөндеу, 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар облыс көлемінде 125 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Оның 60-ында жұмыстар толық аяқталса, қалған білім беру ұйымдарында жөндеу қарқынды жалғасып келеді. Жазғы кезеңде жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталуы тиіс.

Мәжілісте білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін күшейту және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мәселелері де қаралды. Биыл 110 білім беру нысанын табиғи газға қосу қажеттігі атап өтілді. Оның ішінде 82 мектеп, 26 балабақша және 2 қосымша білім беру ұйымы бар. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім беру нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз ету, реновация бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстарды сапалы орындау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмысты күшейтуді міндеттеді.

Сонымен қатар өңір басшысы бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуін, құрылыс және жөндеу барысында сапа талаптарының қатаң сақталуын, анықталған кемшіліктердің дер кезінде жойылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Нұралхан Көшеров құрылысты сапасыз жүргізген мердігерлер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ құрылысы аяқталған және қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан барлық білім беру нысандары тұрақты бақылауға алынып, жүйелі мониторинг жүргізілетінін жеткізді.