ТҮРКІСТАНДА 2 МИЛЛИОННАН АСТАМ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді көгалдандыру, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Президенттің республика аумағында 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусым барысында 332 мыңнан астам көшет егілді. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, нәтижесінде белгіленген жоспар толық орындалып қана қоймай, артығымен жүзеге асырылатын болады.
Биыл облыс аумағында 3 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 15 жалпыхалықтық акция және ауқымды «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өткізілді. Бұл шараларға 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 222 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, соңғы екі жыл ішінде елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 474 арнайы коммуналдық техника сатып алынды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жылы облыста жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілді. Олардың қатарында Орта Азиядағы теңдессіз Ескек есу каналы, «Парасат» саябағы, Ботаникалық бақ және жасанды көлі бар 32 гектарлық саябақ тұрғындар игілігіне ұсынылды. Биыл өңірде 7 саябақ пен 8 аллеяны пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда «Этно-туристік кешені» мен «Билер» аллеясы ел игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін «Астана» саябағы мен ауқымды Аквапарк кешенінің құрылысы аяқталады. Сонымен бірге жыл соңына дейін 61 балалар ойын алаңы, 35 воркаут алаңы және 49 спорт алаңшасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес аумағы 50 гектарды құрайтын «Экопарк Түркістан» толық аяқталып, халық игілігіне берілді.
Түркістан қаласын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қала аумағында 24 мың гектар жер көгалдандырылып, 20 мың ағаш пен 24 мың бұта отырғызылды. Сонымен қатар қаланың жарықтандыру жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Коммуналдық «Жасыл аймақ» мекемесінің жылыжайларында 2,5 миллион біржылдық гүл өсіру тәжірибесі енгізілді. Соның нәтижесінде жергілікті жерде өсірілген гүлдерді пайдалану арқылы бюджет қаражаты екі есе үнемделуде.
Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 33 электробус сатып алынып, Түркістан қаласында электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары орнатылуда. Сонымен қатар метан газ құю станциясы іске қосылды.
Жаңа Конституцияда табиғатқа жанашырлықпен қарау және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекет дамуының негізгі құндылықтарының бірі ретінде айқындалған. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында нақты нәтижелермен жүзеге асырылып келеді.
Тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында TAZAQAZBOT Telegram чат-боты белсенді пайдаланылуда. Жыл басынан бері тұрғындардан келіп түскен 900-ге жуық өтінімге жедел ден қойылып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 мыңнан астам экологиялық тәрбие сағаты, 560 сурет байқауы, 4 700 дөңгелек үстел және 68 экологиялық акция ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстың білім беру ұйымдарында «Жасыл мектеп» жобасы табысты іске асырылуда. Жоба аясында «Шикізат жинау көшбасшысы», «Экологиялық бастамалар көшбасшысы» және «Үлкен әлеует» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Негізгі басымдық өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, көгалдандыру көлемін ұлғайтуға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін одан әрі қалыптастыруға беріледі.
