«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БОТЫНА МЫҢНАН АСА ӨТІНІШ ТҮСКЕН

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде елді мекендерді көркейту, көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бағдарламаның орындалу барысы мен алдағы міндеттер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты қаралды.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, анықталған олқылықтар және оларды жою бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндама жасады.

Бағдарлама аясында облыстың барлық аудан-қалаларында абаттандыру, жасыл желектерді күтіп-ұстау, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу және сенбіліктер ұйымдастыру тұрақты түрде қолға алынған. Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған азаматтарға заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, жалпы көлемі 131 млн теңге айыппұл салынды.

Қазіргі таңда «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 1119 өтініш келіп түскен. Әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі аталған ақпараттық жүйені тұрғындар арасында кеңінен насихаттап, оны тазалық мәселелерін көтеретін тиімді байланыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

– «Таза Қазақстан» – күнделікті өмір дағдысына айналуы тиіс бағдарлама. Аудан, қала әкімдеріне, жауапты басқарма басшыларына осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын. Аталған бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуын әкімдердің жұмыс көрсеткішін көрсететін индикаторлар тізіміне енгізу жолдарын зерделеп, ұсыныс беріңіздер. Өңірдегі туристік бағыттардың бәрін аралап шығамыз. Кемшіліктерге жол бергендерге шара көріледі, – деді.

Президенттің республика көлемінде 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет егілді. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, белгіленген жоспардың артығымен орындалуы күтілуде.

Биыл өңір аумағында 3 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді. Оның ішінде 15 жалпыхалықтық акция мен ауқымды «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Аталған шараларға 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 222 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылды.