ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІК ТӨМЕНДЕП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің импортқа тәуелділігін азайту, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетті күшейтудің стратегиялық маңызын атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

Біз әлі күнге дейін шикізаттық тәуелділіктен толық арыла алмай отырмыз. Сондықтан импортты алмастыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет. Шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту – өңір экономикасының басты міндеттерінің бірі. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін әлемдік ірі инвесторларды тартып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілуі тиіс. Импортты алмастыруға бағытталған барлық инвестициялық жобалар сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда болуы қажет, – деді.

 

Жиында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары импортты алмастыру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер жөнінде баяндама жасады.

Мәжілісте өңірдің экспорттық мүмкіндігі тұрақты түрде артып келе жатқаны айтылды. 2024 жылы Түркістан облысынан 1 млн 357 мың тонна өнім экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 млн 571 мың тоннаға жетіп, 16 пайызға өсті. Ал биылғы төрт айдың қорытындысында 795,3 мың тонна өнім шетелге жөнелтіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері – 576,6 мың тонна, мал шаруашылығы өнімдері – 20,5 мың тонна, қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері – 198,1 мың тоннаны құрады.

Сонымен қатар өңірде импорт көлемінің азаю үрдісі сақталып отыр. 2024 жылы облысқа 761 мың тонна өнім импортталса, 2025 жылы бұл көлем 748 мың тоннаға дейін төмендеді. Биылғы төрт айда импорт көлемі 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңіндегі 255,5 мың тоннадан аз болды.

Қазіргі таңда облыста импортты алмастыру бағытында еден жабындарын, алюминий өнімдерін, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастады. Сонымен бірге мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен оған қажетті қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа өндіріс орындары іске асырылуда.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде республикадан шикізат күйінде экспортталатын мыс, алюминий, темір, полипропилен және өзге де өнімдерді Түркістан облысында терең өңдеуге мүмкіндік бар екені анықталды. Осыған байланысты мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс материалдары, металл конструкциялары, полипропиленнен жасалатын тұрмыстық бұйымдар және басқа да дайын өнімдер өндіретін 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әрқайсысына инвестициялық паспорт дайындалған.

Сондай-ақ Сайрам индустриялық аймағында сыр, ірімшік және құрғақ сүт өндіретін зауыттар салу, Сауран ауданында көкөніс өңдеу, консервілеу және томат пастасын шығару өндірісін іске қосу, Мақтаарал ауданында кілем өндіру кәсіпорнын ашу, ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында балалар тағамын шығаратын зауыт салу ұсынылды.

Мәжілісте азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған жобалар да қаралды. Бүгінде облыс тұрғындары көкөніс, бақша өнімдері, картоп, жүзім, сиыр, қой және жылқы еті, сондай-ақ сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Алайда құс етімен қамтамасыз ету деңгейі – 21 пайыз, жұмыртқа – 47 пайыз, шұжық өнімдері – 50 пайызды құрап отыр.

Аталған тапшылықты жою мақсатында жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін зауыт салынып жатыр. Ордабасы ауданында құс етін өндіру көлемі ұлғайтылып, Бәйдібек ауданында жұмыртқа өндіретін кешеннің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Отырар және Шардара аудандары мен Арыс қаласында жаңа өнеркәсіптік құс кешендерін іске асыру ұсынылды.

Бұдан бөлек, етті терең өңдеу бағытындағы үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Түлкібас және Төлеби аудандарында заманауи сүт-тауарлы фермалардың құрылысы жалғасуда. Ал Сауран және Бәйдібек аудандарында сүт өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланған.

2026–2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жол картасы аясында жалпы құны 269 млрд теңгені құрайтын 43 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Соның нәтижесінде 2 115 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл жалпы құны 96,3 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінге дейін құны 17,4 млрд теңгені құрайтын 5 жоба пайдалануға беріліп, 140 жаңа жұмыс орны ашылды.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне импортты алмастыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуды, жаңа өндірістерді іске қосуды және барлық жобалардың белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.