БИЫЛ 33 АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен газ саласындағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өткізілді. Жиынға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және газ саласына жетекшілік ететін басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ газ тарату ұйымдарының өкілдері қатысты.

Мәжіліс барысында өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының орындалу барысы, газ инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту, тұрғындарды көгілдір отынға қосу қарқыны, сондай-ақ саладағы өзекті мәселелер жан-жақты сараланды. Сонымен қатар бірқатар газ тарату ұйымдарының жинақталған берешектері мен қаржылық міндеттемелерін орындау деңгейі талқыланды.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге газдандыру жобаларының белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар газ саласындағы қаржылық тәртіпті күшейтіп, қалыптасқан берешектерді қысқарту бағытында нақты әрі нәтижелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Түркістан облысында газ саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылы 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлініп, оның 45-і пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 41 елді мекендегі 102 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Жүргізілген кешенді жұмыстардың қорытындысында өңірдегі 801 елді мекеннің 606-сы (халық саны – 1 887 455) табиғи газбен қамтылып, газдандыру деңгейі 88 пайызға жетті.

Биыл 74 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге қарастырылды. Жыл соңына дейін 33 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылады. Қалған 41 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Осы жұмыстар толық аяқталған кезде газдандыру деңгейі 90 пайызға дейін өсіп, 640 елді мекендегі 2 миллионға жуық тұрғын (89,5 %) табиғи газға қол жеткізеді.