ЖАСАНДЫ ЖАҢБЫР «ЖАУДЫРҒАН» МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасында жасанды жаңбыр жауғызу технологиясының пилоттық жобасын жүзеге асыру барысы сараланды. Басқосуда өңірдің су ресурстарын ұтымды пайдалану, егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізу мәселелері жан-жақты қаралды. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен аграрлық саланы дамытуға әрдайым ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтіп, климаттық өзгерістер жағдайында жаңа технологияларды қолданудың маңызы артып отырғанын жеткізді.
Нұралхан Көшеров:
– Жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Бұл озық технология Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Түркістан облысында қолға алынды. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген білікті инженерлер, ғалымдар мен пилоттар жергілікті мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, тәжірибелерімен бөлісті. Осындай өзара ынтымақтастықтың арқасында өңірімізде маңызды жобаның іргесі қаланды. Алдағы уақытта бұл технология ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, жайылымдардың өнімділігін арттыруға және су тапшылығының салдарын азайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді.
Пилоттық жоба аясында жауын-шашынды жасанды түрде қалыптастыру мақсатында 14 авиациялық операция жүзеге асырылды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары ауа райы процестерін модификациялау және авиациялық операцияларды орындау технологиясы бойынша арнайы даярлықтан өтті. Жоба шеңберінде жасанды жаңбыр технологиясын енгізу көзделген басым аумақтар ретінде Созақ, Отырар, Бәйдібек және Төлеби аудандары белгіленіп, тиісті іс-шаралар атқарылды.
Жиында сөз сөйлеген Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Алия Оспанова өңірде инновациялық технологияларды енгізуге жан-жақты қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Нұралхан Көшеровке ризашылығын білдірді. Ол Түркістан облысы жасанды жаңбыр технологиясын тәжірибеде іске асырған алғашқы өңір ретінде маңызды бастама көтергенін атап өтті.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі аталған пилоттық жобаның табысты жүзеге асуына үлес қосқан Біріккен Араб Әмірліктерінің инженерлері, ғалымдары мен пилоттарына Алғыс хаттар табыс етті. Түркістан облысында алдағы уақытта да су қауіпсіздігін нығайту және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.
